Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 21 қаралым

Салық кодексі бизнеске қолбайлау болмауы керек!

Жаңа Салық кодексі отандық кейбір бизнеске ауыр тиіп отыр. Бірі кәсібін дөңгелете алмай, өзгесі қаржыдан қиналып, біраз компания құрдымға кетіп, жабылып тыныпты. Бизнес өкілдерінің мәселесін Астанада өткен салық форумында осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандар мен сарапшылар жан-жақты талқылады. Олардың пікірінше, жаңа талаптар бизнеске қолбайлау болмай, керісінше кәсіпкерліктің өркендеуіне жол ашуы керек.

ЕКАТЕРИНА КИМ, САЛЫҚ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСШІ:

Жаңа Салық кодексінде бизнестің жұмысын айтарлықтай жеңілдететін нақты тетіктерді әзірге өз басым көріп отырған жоқпын. Бәріміз жаңа кодекс түсінікті әрі бизнеске тиімді болады деп үміттендік. Алайда қазір оның алғашқы нәтижелерін көріп отырмыз. Қаншама компания жабылып жатыр. Өйткені кейбір кәсіпкерлер мұндай салықтық жүктемені көтере алмайды.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Жаңа Салық кодексіне қатысты қоғам тарапынан айтылған барлық орынды, сындарлы ұсыныстарды мұқият зерделеп, қажет болған жағдайда түзетулер енгізу керектігін айтқан-тұғын. Президенттің осы пайымын негізге алғандар жауапты органдар жаңа өзгерістерде мұң-мұқтажымызды ескерсе екен дейді. Форумда сала мамандары мен кәсіпкерлер құжаттағы бір қайнауы кем тұстарды ашық айтып, бизнестің жұмысына кедергі келтіретін нормаларды қайта қарау жөнінде нақты ұсыныстарын ортаға салды.

АЙТУАР ҚОШМАМБЕТОВ, КӘСІПКЕР:

Кәсіпкерде өзінің бір мүлкі, кеңсесі немесе автокөлігі болса, оған бағалауды үш жыл сайын жүргізіп тұру керек деген норма енгізілген. Яғни бұл біздің ойымызша, қиыншылық тудырады. Бір көліктің бағасы үш жыл сайын өзгермейді. Ол бір рет бағалағаннан кейін оны корректировка жасап әрі қарай бағасын түсінуге болады. Ал үш жыл сайын соның бәрін бағалап тұру – кәсіпкерге деген шығын. Мұны да өзгерту керек.

← Барлық жаңалықтар