Ұшақ билеттерінің бағасы жіті тексеріліп, құны өзгерсе, жолаушыларға алдын ала хабарлануы мүмкін. Сауда министрлігінің жанындағы Қоғамдық кеңес отырысында ішкі әуе рейстерінің бағасы қалай қойылатыны талқыланды. Жиында тарифтің әділ әрі ашық болуы керектігі айтылды. Осы орайда бірқатар бастама көтерілді. Мәселен, жауаптылар жолаушыларға билеттің қай күні арзан болатынын көрсететін арнайы «баға күнтізбесін» іске қосу керек дейді. Бұл іске асса, осы жүйе арқылы тұрғындар әр күннің билет бағасын салыстырып, арзанын таңдай алады. Ал баға құбылған жағдайда азаматтарға арнайы ескерту жіберу тетігін қарастырған жөн. Дегенмен бұның бәрі әзірге ұсыныс қана, нақты шешім әлі қабылданған жоқ.