Шенеунік қызмет бабында пара алу немесе өзге де құйтырқы әрекеттерімен камераға түсіп қалса, бейнежазбаны жариялау үшін одан рұқсат сұраудың қажеті жоқ. Бұл туралы бүгін Құрылтай отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев шегелеп тұрып түсіндірді. Масс-медиа туралы заңға енгізілетін түзетулер талқыланған жиында депутаттар адамның келісімінсіз бейнесін тарату тәртібін нақтылап, сыбайлас жемқорлық пен басқа да құқық бұзушылықтарды әшкерелеу мәселесін көтерді. Осы тұста министр жеке өмір мен қызметтік міндеттің аражігін ажыратып, екеуін шатастыруға болмайтынын айтты. Яғни, жұмыс үстінде болған жағдай үшін лауазымды тұлғадан рұқсат күту қисынсыз. Ал отбасылық тіршілік пен жеке басына қатысты дүниеге келгенде, әр азаматтың құқығы қорғалуға тиіс, деді.
АРМАН ҚЫРЫҚБАЕВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:
Әр адамның жеке өмірі бар, оған қол сұғуға болмайды. Бұл әрбірден соң конституциялық талап екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Ал қызмет барысында, белгілі бір ресми шаралардың, болмаса бір жиналыстың үстінде, Құрылтай қабырғасында болып жатқан шаралардың үстінде бейнетаспаға ілініп жатса, біздің ойымызша және заңның концепциясында көрсетілген ешқандай да келісім алудың қажеті жоқ.