Бұл жайт Астана жұртын дүр сілкіндірген еді. Жеті қараңғы түнде қаладағы көпқабатты үйлердің бірінен өрт шыққан еді. Қызыл жалын бір емес, үш бірдей баланың жанын жалмап кетті. Орны толмас өкініш көптің қабырғасын қайыстырғаны рас. Ең сорақысы, тілсіз жауды ауыздықтауға барған мамандар аулаға кіре алмай, кібіртіктеген. Себебі адам өмірінен көлігін қымбат көретін әлдекімнің кесірінен су шашатын машинаны ішке алып кіру қиын болыпты. Қазір ірі қалаларда аулаға көлік қою мәселесі тым өзекті. «Жедел жәрдем» не өзге қызметтік автокөліктерді айтпағанда, адам аяғын алып жүруі қиын аудандар бар. Біреуіне жерасты паркингінен орын жетпейді, ал енді бірі темір тұлпарын алысқа қойып, жаяу жүргісі жоқ. Жауапсыздық пен жалқаулықтан әлі қанша тағдыр талқандалатыны белгісіз. Дегенмен депутаттар қол қусырып отырмай, мәселені біржақты етудің жолын ұсынып жатыр. Енді жаңадан салынатын үйлер мен көлік тізгіншілеріне талап қатаяды.
Дүйім жұртты дүр сілкіндірген оқиға – Астанадағы көпқабатты үйде өрт шығып, үш баланың өмірін жалмағаны жұрттың қабырғасын қайыстырды. Өрт сөндірушілер оқиға орнына уақытылы жетсе де, кіре берісті жауып тастаған көлікпен алысып, уақыт жоғалтып алған.
Әлеуметтік желіде лезде тараған ақпараттың дені шындыққа сәйкес келмейді. Құтқарушылар «көлік жүргізушісі қашан шығар екен» деп құр тұрмаған. Іс жүзінде, жанұшыра жеткен топ сол сәтте-ақ пәтер ішіндегі өрт ошағына тіке беттеген. Іске кіріскен олар жалынмен арпалыса жүріп, адам өмірін аман алып қалу үшін тәуекелге бел байлады.
АСҚАР ТӨЛЕШЕВ, ҚР ТЖМ ӨРТКЕ ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біздің әрекетіміз заңды әрі дұрыс болуы керек. Арнайы бөлімше ол кезде ғимараттың ішінде жұмыс істеп жатқандықтан, сыртта тұрған көлікті соғып кірудің ешқандай қажеті болған жоқ. Қазір 20 минут туралы әртүрлі ақпарат тарап жатыр, бірақ шын мәнінде техника ол уақыт бойы сыртта тұрып қалған жоқ. Өрт сөндіру көлігі шамамен 6–7 минуттың ішінде аулаға кіріп үлгерді.
Тілсіз жаумен арпалысқанда әр секунд алтынға бергісіз. Мұндай сәтте дүние-мүлік, техника мен қымбат көліктің құны көк тиын. Өйткені адам өмірінен асқан құндылық жоқ. Еуропаның дамыған елдеріндегі тәжірибе де осыған саяды: төтенше жағдай кезінде құтқарушылардың жолындағы кез келген кедергі ескерусіз тапап өтіледі. Мақсат біреу – адамды аман алып қалу.
ҒАБИТ ӨМІРБЕКОВ, ЗАҢГЕР:
Жаңағы ТМД елінде емес, сырт жақтағы АҚШ болсын, ондай кезде қарамайды. Сол көлікті сол жерден алып тастайды. Өздерінің арнайы әдістері бар, тәртіптері мен ішкі ережелері бар. Ондай фактілер орын алған сәтте олар арнайы алгоритммен жұмыс істейді. Кейде тіпті аударып, төңкеріп өте береді көліктерді. АҚШ пен Еуропада міндетті түрде өрт сөндірушінің артынан екі-үш экипаж жүреді, сондай форс-мажор жағдайдың алдын алу үшін. Ал біздің Қазақстан неге олай қолданбайды?
Депутаттар енді құтқарушылардың жолын бөгеген кедергілерді ескерусіз ысырып тастау құқығын заңмен бекітуді ұсынып отыр. Салғырттықтың соңы санкцияға ұласуы мүмкін.
ОЛЖАС ҚҰСПЕКОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Шұғыл қызметтерге оқиға орнына бара жатқан жолдағы кедергілерді, соның ішінде адам өмірін құтқаруға кедергі келтіретін шлагбаумдарды, қақпалар мен автокөліктерді ашуға немесе зақымдауға рұқсат беру керек. Егер иесі ереже бұзған болса, мемлекет тарапынан ешқандай шығын өтелмеуі тиіс.
Бәлкім, сол бір автокөлік болмағанда бәрі басқаша болар ма еді? Бұл жай ғана болжам емес, салғырттықтың салдарына үңілгенде туындайтын заңды сауал. Аумақтағы тәртіпті қадағалап, көліктердің дұрыс тұрақтауын бақылауы тиіс күзет қызметі сол сын сағатта қайда болды? Біз түйткілдің түйінін тарқату үшін аталған тұрғын үй кешеніне ат басын бұрдық. Алайда бізді көргенде ашықтық танытудың орнына, есігін іштен кілттеп алды.
Тұрғындардың айтуынша, көліктердің ығы-жығы орналасуы қалыпты жағдайға айналған.
ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:
Біз дәл қазір елорданың қақ ортасындағы «Көркем 3» тұрғын үй кешенінің маңында тұрмыз. Тапа-тал түстің өзінде автотұрақта ине шаншар орын жоқ. Көлік қоятын жер таппай, айналсоқтап жүрген жүргізушілер көп. Міне, бір тізгіншінің өзі жолдың қақ ортасына көлігін қойып, кетіп қалды. Күндіз жағдай осылай болса, жұрт жұмыстан қайтар уақытты енді елестете беріңіз.
Қасіреттен сабақ алмағандар көп. Қоғамды дүр сілкіндірген трагедияға қарамастан, жүргізушілер әлі де көлікті кез келген жерге қалдыруын доғарар емес. Бұл жай ғана ереже бұзу емес, адам өміріне деген салғырттық.
Обалы не керек, полицейлер де жұмысты күшейтіпті. Дәл осы тұрғын үйдің жерасты тұрағының алдына тағы бір жүргізуші көлігін қойып кеткен. Сәйкесінше, тәртіп сақшылары хаттама толтырып, мемлекеттік нөмірін алып кеткен.
МАХАМБЕТ ТӨЛЕШОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жыл басынан бері 49 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жауапкершілікке тартылған жүргізушілер бар. Одан басқа тұрғындармен профилактикалық жұмыс өткізіледі.
Жалпы Астанада халық саны қазіргі таңда 1 миллион 600 мыңнан асып отыр, жыл сайын шамамен 100 мың адамға көбейіп келеді. Сәйкесінше, тұрғындармен бірге көлік саны да еселеп өсуде. Қазірдің өзінде елордада 500 мыңнан астам көлік тіркелген. Одан бөлек, сырттан келетіндері қаншама?! Мамандар пәтер салу кезінде осы жүктеме ескерілмейді дейді.
ҒАБИТ ӨМІРБЕКОВ, ЗАҢГЕР:
Негізі заңда тұрақ қарастырылған. Бір пәтерге кем дегенде 2 көлік болуы қажет деп есептелген. Және құрылыс кезінде соған сай жерасты паркингтері салынуы тиіс. Бірақ, өкінішке қарай, бұл қағидат бізде сақталмай отыр.
Астана әкімдігі құрылыс жұмыстары бекітілген нормативтерге сай жүргізіліп жатқанын алға тартады. Құжат бойынша тұрақ саны жеткілікті көрінгенімен, оның қайда орналасатынын компаниялардың өздері шешеді. Жерасты паркингі мен ашық аула арасындағы таңдау – құрылыс иесінің құзырында. Дәл осы «еркіндік» кейіннен аула ішіндегі көлік кептелісіне, демек, қауіпсіздік мәселесіне әсер етіп отыр.
ӘСЕЛ РАХМЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ СӘУЛЕТ, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Бірінші санаттағы үйде бір пәтерге екі автотұрақ, екінші санаттағы үйде бір пәтерге бір автотұрақ, ал үшінші және төртінші санаттағы үйлерде екі пәтерге бір автотұрақ қарастырылған. Ал бесінші санаттағы үйлерде автотұрақ қарастырылмаған.
Құрылыс сапасына қойылатын талап енді мемлекеттік деңгейде қатаңдатылмақ. Егер бұрын нысанды пайдалануға беру мердігер мен тапсырыс берушінің келісімімен ғана шектелсе, енді бақылау тетігі өзгереді. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары процеске тікелей араласып, әр кезеңді қатаң тексереді.
БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Құрылыс талаптарын күшейтуіміз керек. Біз оны Құрылыс кодексі арқылы қабылдадық. Енді құрылыс компаниясы нысанды өз бетінше қабылдай алмайды. Егер паркингі жеткіліксіз болса, ол қабылданбайды.
Елорда келбеті – Бәйтерек пен Ханшатырдың емес, құрылыс крандарының көлеңкесінде қалды. Агрессивті урбанизация қаланың сәулеттік эстетикасын ғана емес, экологиялық тепе-теңдігін де бұзуда.
ТАЛҒАТ ҚАЛИЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:
Бұл мүлдем ақылға қонымсыз. Біз Жапония сияқты шағын аумақта өмір сүріп жатқан жоқпыз. Сондықтан қаланы кеңейту қажет. Қала жоспарында саябақтар мен автотұрақтар жеткілікті болуы тиіс.
Алдағы жылдары елордадағы құрылыс қарқыны бәсеңдемейді. Алайда «көп салу» емес, «сапалы салу» қағидаты басты талапқа айналуы тиіс. Өйткені қаланың келбеті ғана емес, миллиондаған адамның қауіпсіздігі осыған байланысты.