2030 жылға қарай агроөнеркәсіп саласына 60 мыңнан астам маман қажет. Қазірдің өзінде кадр тапшылығы сезіліп отырған бұл бағытты Үкімет түрлі тетіктер арқылы ынталандырып, мәселені шешуді көздеп отыр.
Мысалы, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін қызметкерлердің мәртебесін арттыру үшін алдағы төрт жылға арналған кешенді жоспар бекітілген. Шопандар мен бақташылардың еңбегіне қолдау көрсетіледі. Көшпелі шаруашылықпен айналысатындарды ауыр еңбекпен айналысатын мамандықтар тізіміне енгізу көзделген.
Ал ветеринарлардың жалақысы кейінгі үш жылда 119 мың теңгеден 271 мың теңгеге дейін артқан. Сондай-ақ мемлекет аграрлық мамандықтарға оқуға түсу талаптарын біршама жеңілдеткен. Яғни ауыл квотасы 35 пайызға дейін артып, ҰБТ-дағы шекті балл 50-ге дейін төмендетілген.
Маржан Нүсіпбек