Перейти к содержимому
· 8 просмотров

Елімізде 700-ге жуық оқу бағдарламасы жабылады

Еліміздегі жоғары оқу орындарында 700-ге жуық білім беру бағдарламасы жабылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Мәжілісте Ғылым және жоғары білім министрі мәлімдеді. Саясат Нұрбек қазір ауқымды аудит жүргізіліп, мазмұны ескірген, нарыққа қажетсіз мамандықтардан құтылу керектігін ашық айтты. Министрлік 273 сала бойынша компанияларға сауалнама жүргізіп, экономиканың нақты сұранысын есептеп шыққан. Ендігі кезекте бағдарламалар кәсіпорындардың статистикасы мен еңбек нарығының болжамына сәйкес қайта жасақталмақ.

САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:

500-ден астам оқу бағдарламаларының мазмұны толыққанды өзгереді. Көптеген өңірлік университеттерде пәндік лицензияларды тартып алуға тура келеді. Осындай өзіміздің ішкі аудитімізді бастап жатырмыз. Әрине, оқып жатқан балаларға тиіспейміз. Оларға бітіруге мүмкіндік береміз. Олардың кінәлары жоқ.

Ал депутат Асхат Аймағамбетов мемлекеттік гранттарды бөлу формуласын қайта қарауды ұсынды. Оның сөзінше, қазір жасанды интеллект аудармашылар мен заңгерлердің жұмысын алмастырып жатса да, бұл мамандықтарға талас әлі де жоғары. Мәселен, «Аударма ісінде» бір орынға 16 адам үміткер. Ал керісінше, экономикаға аса қажетті мал шаруашылығы мен металлургия салаларында гранттар бос қалып отыр.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Біз тек гранттарды реттеп келеміз, бірақ ақылы негізде қабылдауға көз жұма қараймыз. Университеттер сұранысы төмен және ескірген оқу салаларына мыңдаған ақылы негізде оқитын студенттерді қабылдауды жалғастырып келеді. Бұл ретте теңгерімсіздік тек өсіп келеді. Азаматтар сұранысқа ие болмайтын мамандықтар бойынша диплом алу үшін миллиондаған қаражат жұмсап жатыр. Біз қабылдау құрылымын белсендірек реттеуіміз керек. Бұл барлық танымал кәсіптерді әкімшілік жолмен жабу дегенді білдірмейді.

Рамазан Палмағанбет

← Все новости