Перейти к содержимому
· 9 просмотров

10 жыл күткен LRT: алғашқы жолаушылар мініп көрді

Айлап, жылдап күткен ЛРТ-ға мінер күн алыс емес. 10 жыл бойы жырға айналып, халықтың төзімін тауысқан құрылыс бітті-ау, әйтеуір. Бюджеттің ақшасын жыланша жұтқан, өзі де сол жағалауды қақ бөліп, ирелеңдеп жатқан темір жол жуық арада ашылады. Бүгін бір топ журналист жер үсті метросымен жүріп қайтты.

Асыға күткен, құрылысы жыр болған, кім көрінген сынаған ЛРТ-ның іске қосылар күні алыс емес. Астананың әкімі көктемде пайдалануға беріледі деп жарияға жар салып еді. Көктемнің де бітуіне аз күн қалды, қазір жанталас. Басы-қасында жүргендер басшылардан бұрын блогерлер мен журналистерге пресс-тур ұйымдастырды. Алғашқы сапарымыз әуежай маңынан басталды. Елордаға табан тіреген туристер мен қонақтар сыртқа шықпастан бірден ЛРТ-ға мініп, қала орталығындағы діттеген жеріне кептеліссіз, зу етіп жете алады. Айта кетерлігі, жолақы төлеу жүйесінде ешқандай шектеу жоқ, кез келген тәсілді қолдануға рұқсат. Билет құны – 200 теңге.

АСЫЛБЕК ДҮЙСЕБАЕВ, «CITY TRANSPORTATION SYSTEMS» ЖШС БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Банктің кез келген картасымен төлеуге болады. QR-код арқылы, Samsung Pay, Apple Pay және қолма-қол ақшамен төлеуге болады. Барлық төлем түрлері бар.

Жалпы, ЛРТ желісі бойынша барлығы 18 бекет салынған. Станциялардың ішкі құрылысы мен дизайны ерекше стильде жасалып, эскалаторлар мен лифтілер қарастырылған. Ал ең басты ерекшелігі – қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін перрон жиектеріне арнайы шыны қоршаулар қойылған, олар тек пойыз келген сәтте автоматты түрде ашылады.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Жылдап күткен ЛРТ желісіне алғашқылардың бірі болып міндік. Әуежай станциясынан қазір «Астана Аренаға» қарай бағыт алып келе жатырмыз. Пойыз шамамен сағатына 60 шақырым жылдамдықпен жүйткіп келеді. Айта кетерлігі, өте ыңғайлы жасалған. Орындықтары жұмсақ, ең бастысы, сырттағы гүрілдеген шу бізге мүлдем естілмейді. Қазақы нақыш та назардан тыс қалмаған.

Пойызды басқаратын адам жоқ, бәрі автоматты түрде жүргізіледі. Бірақ тізгінде машинист болмағанымен, вагондардың іші иесіз қалады деген сөз емес. Іште жолаушылардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қадағалайтын арнайы операторлар міндетті түрде бірге жүреді екен.

АЛАН НҰРМАНОВА, ПОЙЫЗ ОПЕРАТОРЫ:

Менің атқаратын қызметім – пойыз операторы. Біздің басты міндетіміз – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол кестесін, пойыздардың уақытылы жүруін және техниканың ақаусыз жұмыс істеуін қадағалау.

Өзіңізге қажетті бекеттен түскен бойда алдыңыздан қазақы нақышта киінген, стилі ерекше қызметкер жылы қарсы алады. Станция жетекшісі сізге сыртқа шығу бағытын адастырмай көрсетіп, қажетті ақпараттың бәрін лезде түсіндіріп береді. Негізінен, бұқараға барынша жайлы қызмет көрсету үшін әр бекетте осындай 5 білікті маман жұмыс істейді екен. Жалпы, ЛРТ-да мыңнан астам адам еңбек етеді. Оның 300-ге жуығы шетелден шақырылған таптырмайтын кадр екен.

АЙЗАДА ӘЛІБЕКОВА, СТАНЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

Пассажирлерге жауап береміз, көрсетеміз, қалай ыңғайлы барып билет алуға болатынын түсіндіреміз. Содан кейін мүгедектерге көмектесеміз, орналасуға, жүруге бәрін көрсетіп жүреміз. Бұл жаққа конкурс бойынша алды. Жоғары білім болуы керек. Дипломмен, содан кейін әңгімелесуден өтіп, солай қабылдандық.

Төбемізде жүйткіп жүрген пойыздарды басқаратын орталық әуежайға жақын маңда орналасқан. Бұл депоның аумағы 17 гектарға жуықтайды. Бұл жай ғана кешен емес, бүкіл ЛРТ жүйесінің күретамыры. Нысан ішінде пойыздарды жуу орталығы, заманауи жөндеу цехтары мен қосалқы бөлшектер қоймасы түгел қамтылған. Ал жобаның негізгі бөлігі саналатын диспетчерлік орталықтың қайнаған жұмысы өз алдына бөлек.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Біз дәл қазір міне, ЛРТ-ның диспетчерлік орталығындамыз. Мұнда тұрған тақтада пойыздың жүріс-тұрысы, ахуалының бар-жоғы түгел көрсетіліп тұрады. Осы отырған қызметкерлердің басым бөлігі Қытайға барып, арнайы курста білім алып келген.

МЕДЕТ АЛТЫНБЕК, ҚОЗҒАЛЫСТЫ БАСҚАРУ ДИСПЕТЧЕРІ:

Пойыздардың бәрінің жүруін, интервалдарын қадағалаймыз. Кісілердің қауіпсіздігін қадағалаймыз. Егер де штаттан тыс жағдайлар, бір ақаулар болатын болса, біз алдын алып, осы үлкен табло арқылы бәрін көріп отырамыз. Есіктер жабылмай қалуы мүмкін. Есікте біреу қысылып қалса, сондай ақаулардың бәрін алдын алып отырамыз.

ЛРТ құрылысы мәресіне жетті. Енді көп ұзамай халық игілігіне беріледі. Бірақ маңайдағы тұрғын үйлер қымбаттап кетпей ме деген сұрақ жұртты алаңдатып отыр. Компания басшысының айтуынша, халықаралық тәжірибеде мұндай ірі инфрақұрылым салынған аймақтарда жылжымайтын мүлік бағасының өсуі орынды.

АСЫЛБЕК ДҮЙСЕБАЕВ, «CITY TRANSPORTATION SYSTEMS» ЖШС БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Мен бұған дейін ЛРТ дамыған қалаларды аралағанымды айтқан болатынмын. Бұл – экономиканың заңы: метро немесе ЛРТ бар жерде жылжымайтын мүлік бағасы бірден өседі. Мысалы, Қытайда бір компания бар: олар ЛРТ-ны құла түзге, иен далаға салады да, кейін оның айналасындағы жер учаскелерін қымбатқа саудалайды.

ЛРТ жобасының екінші кезеңі де басталғаны баршаға мәлім. Қытайлық мамандар уақытпен санаспай, күндіз-түні Қосшы бағытындағы құрылысты қызу жүргізуде. Ал оң жағалауға қарай геологиялық ізденістер жүріп жатыр. Жаңа бағыт Хан Шатырдың жанымен өтіп, Кенесары мен Жеңіс даңғылдары арқылы ескі вокзалға дейін созылмақ. Егер қаржыландыру уақытында жүріп тұрса, Қосшыға қарай пойыз келер жылдың аяғында-ақ іске қосылады, ал ескі вокзалға дейін ұзарту үшін кемінде үш жыл уақыт керек екен. Еске сала кетейін, ауқымы кең бұл жобаның бірінші кезеңіне 1,8 миллиард АҚШ доллары жұмсалды.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Осымен БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур өз мәресіне жетіп, «Нұрлы жол» станциясына келіп тоқтадық. ЛРТ-ның жұмыс барысымен, заманауи мүмкіндіктерімен түгел танысып шықтық. Жалпы, жоба қаланың көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамы екені айқын көрінді. Енді көптен күткен ЛРТ желісі осы демалыс күндері іске қосылады.

← Все новости