Перейти к содержимому
· 15 просмотров

Бірінші курс студенті әлімжеттіктен көз жұмды

Ақ халат киемін деп оқуға түскен бозбаланы ауылына ақ матаға орап қайтарды. Биыл ғана Қызылордадағы медициналық колледждің «фельдшер» мамандығына қабылданған 16 жастағы жеткіншекті жоғары курс студенттері жатақхана ішінде ұрып өлтірді. Білуімізше, «старшак» атанып, білгенін істеп үйренген үлкен жігіттер байғұсты өлімші етіп сабаған соң, қанын сорғалатып дәлізде сүйреген.

Тоғызыншы сыныптан кейін Қазалыдан Қызылордаға арман қуып келген Нұрдәулет Мырзалы биыл ғана «Болашақ» жоғары медициналық колледжінің бірінші курс студенті атанған екен. Мереке күндері жатақханада болған оны және достарын 3-курс студенттері түнгі 12-де оятып алып, фитнес залға апарыпты. Бозбалаларды тұрғызып қойып, шетін ұрған. Бірнеше соққыдан соң Нұрдәулет жерге құлаған көрінеді.

РИММА ЕЛЕУСІЗОВА, МАРҚҰМНЫҢ ӘПКЕСІ:

Бірінші курс студенттері тренажер залда бір қатарда тұрады екен. Үш баланы ұрған, біздің бала төртінші тұрған. Сөйтіп оны ұрған, жабылған, ол таэквондист қой. Арттан құлатқан кезде тіземен отырып қалған кезде үш бала қолынан ұстап тұрған. Бір бала жүгіріп келіп, мына тұстан тепкен. Сосын ол құлаған, тренажерде қаны барлығы тұр.

Жоғары курс студенттері не істегендерін түсінген соң Нұрдәулетке жедел жәрдем шақырудың орнына жатақханадағы бөлмесіне апарып тастамақ болған. Қансыраған денені дәлізбен апара жатқанда қыздар көріп, шу шығарған. Марқұмның жақындары осы кезде колледждегі жауаптылар қайда болған деген сұрақтан арыла алмай отыр.

РУСЛАН СЕЙСЕНБАЕВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:

Моргке апарып тастаған, бала уже кетіп қалған. Біз осында келдік, бала жоқ. ГОВД-ға бар деді, олар моргке апарып тастадық дейді. Вахтершалар қарау керек қой. Енді бірдің кезінде топырлаған баланы қалай көрмейді? Мен түсінбей тұрмын. Вахтерға, басқасы – вообще бақылауда болмаған бұл жерде.

Жеке колледждің әкімшілігі болса, болған сұмдықты растады. Түнгі уақытта не себепті студенттер емін-еркін жүргенін, фитнес залы тас қараңғыда неге ашық тұрғанына тұшымды жауап бере алмады.

ГҮЛМИРА ӨТЕУЛИЕВА, «БОЛАШАҚ» ЖОҒАРҒЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Колледжде ішкілік тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сырттан да тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар біраз адам жауапқа тартылып жатыр. Бұл жерде қатыстылығы емес, оқу ордасы болғандықтан, басшылықтан бастап барлығы жауапқа тартылып жатыр.

Білім ордасының өкілі нақты кімге, қандай шара қолданғанын айтпады. Қазіргі таңда полиция департаменті Нұрдәулет Мырзалының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғады.

АСЫЛБЕК БЕКСЕЙТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.

Қылмыстық істі тергеу барысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында дейді тәртіп сақшылары. Марқұмның туыстары болса, не себепті күдікті ретінде бір ғана жігіт қамауға алынғандығын түсіне алмай отыр. Ұрып-соғуға қатысы бар барлық жоғары курс студенттері жазалансын деп талап етеді.

← Все новости