Перейти к содержимому
· 6 просмотров

Диқандар жеңілдетілген қаржы алуда әкімшілік кедергілерге тап бола ма?

Көктемнің бір күні жылға азық деп отырған диқандарға биыл қолдау еселенбек. Үкімет басшысы Олжас Бектенов әрбір жауапты маманға шаруалардың жұмысын жеңілдетуді шегелеп тапсырды. Оның үстіне егістік алқабының да көлемі ұлғайған. Биыл 23,8 млн гектарға дән себілмек. Ендігі басты талап — диқандар қаржыдан қысылмауы керек, қағазбастылықпен уақыт жоғалтпауы тиіс.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Сонымен қатар мынадай тапсырмалар беремін. Бірінші. Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен және «Бәйтерек» холдингімен бірге диқандарды барынша қамти отырып, өтінімдерді қарау және жеңілдетілген қаржы бөлу рәсімдерін оңтайландырсын. Олар бос артық әкімшілік кедергілерге тап болуға тиіс емес. Барлық өтінімді тез әрі ашық түрде қарау қажет.

Әрине, қаржылай қолдау көрсетілген соң шаруаларға да талап қойылады. Техникасын жаңартып, тың технологияны қолдану керек. Айтпақшы, премьер-министр жанар-жағармай мәселесіне де тоқталды. Егін науқанында шаруаларға сұйық отын арзан бағамен берілмек. Мәселен, нарықта литрі 330 теңгеден сатылатын дизельді диқандар 281 теңгеге алады.

ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Өңірлердегі дизель отынына Энергетика министрлігі ұсынатын ағымдағы баға литріне қосылған құн салығымен 263 теңге болады. Түпкілікті бағаны өңірлік оператор белгілейді, ол литріне 281 теңгені құрайды. Бұл литріне 49 теңгеге арзан.

Үсен Астана

← Все новости