Перейти к содержимому
· 9 просмотров

Әйелінің гештальтын жапқан депутат сынға қалды

Парламент гештальт жабатын орынға айналған ба? Әйелін Мәжілістің ресми папкасымен құттықтаған депутат Дәулет Мұқаевтың басы дауға қалды. Ардақ Назаровтың ізімен жүріп, елде жоқ дүниені жасаған халық қалаулысы мұнысы үшін қымсынып та тұрған жоқ. Жалпы отырысқа видеокамерасы бар көзілдірік тағып, тағы сынға ұшырады бүгін.

Даудың басы – Дәулеттің көк папкасы. Достарына оқып, желіге мақтанып, өзі салды, салдарын ойлаған жоқ, есесіне әйелінің… Бірақ өзі риза болғанымен, желідегі ағайын бұл әрекетін құптамады. Парламент қашаннан гештальт жабатын орынға айналған деп түсінбей қалды көбі.

ДӘУЛЕТ МҰҚАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Осы Парламент қабырғасында жүрген әрбір әріптесіміздің ақ папка мен көк папкасы болады. Көк папка бұл менің қолымда да жүр. Мен не істедім? Өзім дизайнын жасаттым, жаздым, распечатка жасаттым, 5 мың төлеп, осы көк қағазбен құттықтадым, болды.

Алайда депутаттың өзі дауға қалдым деп қымсынып та тұрған жоқ. Мәжіліске камерасы бар көзілдірік тағып, тағы сынға ұшырады бүгін.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Ешкім Парламент атынан, менің атымнан құттықтап жатқан жоқ. Парламенттің атынан, депутаттардың атынан ешкім ондай шешімдерге барған жоқ. Әр адам өзі үшін жауап беру керек.

Дәулет Мұқаевқа қатысты дауға депутаттар да пікір білдірді. Кейбірі оның қателігін айтты.

РИНАТ ЗАЙЫТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Бізде қазір әлеуметтік желіде депутаттардың атқаратын ісінен гөрі, жеке басына деген назар қатты. Ол қате деп ойлаймын. Оның жалғыз қателігі – соны әлеуметтік желіге салғаны ғана, болды.

АРДАҚ НАЗАРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Қадірлі анашым, сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын.

Есесіне, заңгерлер Ардақ Назаровтың ізімен жүрген Дәулет Мұқаевтың әрекеті қалай қарасаң да депутаттық этикаға сай келмейді дейді.

МАРҒҰЛАН ЕРМАҒАНБЕТҰЛЫ, ЗАҢГЕР:

Әрине, ол үйінде құттықтай берсін, ол да азамат қой. Бірақ дәл Парламенттің элементтері бар нәрселермен, менің ойымша, араластырмау керек деп ойлаймын. Гештальт деген түйткілді мәселелерді көтерумен жабылса, тиісті заңнамалық актілерге өзгерістер енгізумен жабылса, менің ойымша, сол дұрыс болатын шығар деп ойлаймын.

НҰРАЙ ҚҰРАҚПАЙ, ТІЛШІ:

Иә, елімізде депутаттық этика мәселесі де заң деңгейінде қарастырылып жатқанын ескерсек, халық қалаулылары осылайша өз қалауын білгенінше істеп жүргені де дұрыс емес дейді білетіндер. Әйтпесе, былай жалғаса берсе, алдағы уақытта депутаттарымыз Парламент қабырғасында құда-жекжатына дейін құттықтап жүрмесіне кім кепіл?

← Все новости