Тарифтерінің бағасын қалаған уақытында көтеріп, әбден есірген байланыс операторларына тықыр таянды. Мәжіліс депутаттары олардың артына май шаммен түсуге мәжбүр. Себебі монополистердің қызметіне шағым көбейді. Бір жыл бұрын 3 мың теңгенің төңірегінде болған тариф қазір 10 мыңның үстіне бір-ақ шықты. Ал компания өкілдері бұл өзгерістерді инфрақұрылым шығындарымен түсіндіріп, мәселені жылы жауып келе жатыр. Енді операторлардың сылтауы өтпейді. Мәжіліс телекоммуникация саласына қатысты құжатты бекітті. Бірақ заң толық жұмыс істеу үшін қанша уақыт керек?
Бұл күнге де жеттік. Төменгі палата өкілдері «түкірігі жерге түспей жүрген» байланыс операторларын түйрей бастады. Депутаттар монополистерді тығырыққа мықтап тірейтін заң жобасын талқылады. Шұғыл әрекет етпестен басқа амал жоқ. Себебі тариф құны ай сайын аспандап барады. Қазір әлеуметтік желіге кіріп, емін-еркін ғаламтор пайдалануға мүмкіндік беретін арзан интернет жоқтың қасы.
НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Мен білмеймін, мұндай жіліктің майлы басы ешқандай мемлекеттегі ұялы байланыс операторларында жоқ шығар. Ресми мәлімет қолымда, Бәсекелестікті қорғау агенттігінің өзі берді. 2021-2023 жылдары Қазақстандағы ұялы байланыс операторлары 120 тарифтік жоспарды 20%-дан 90%-ке дейін қымбаттатқан. 2024 жылы 140 тарифтік жоспарды 3%-дан 300%-ке дейін қымбаттатқан.
Депутаттар бұдан былай байланыс операторларына жаңа міндет жүктеуді ұсынды. Енді қызмет құнын көтерген монополистер тариф шарттарын, қосылу талаптарын және қаржылық есептерін жариялап отыруға міндеттеледі. Сондай-ақ бәсекелестікті арттыру үшін шетелдерден жаңа ойыншыларды тарту мәселесі де күн тәртібіне қойылады.
ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Бізге осы бәсекеге, бағаны тұрақтандыратын жаңа ойыншыларды нарыққа алып келу керек. Министрліктің шаруасы осылай болу керек. Мен ештеңе білмеймін, мен ештеңе істемеймін, мен ештеңені бақыламаймын деп түйеқұс құсап, басын топырақтың астына тығып отыруды қою керек. Операторлар тарифті қымбаттатқанда инфрақұрылымға шығын кетті деп ақталады. Бірақ оның нақты құрылымы коммерциялық құпия деген желеумен жабық қалады.
Ал eGov, e-Otinish және Aitu сияқты әлеуметтік маңызы бар сервистерге баланс нөл болған жағдайда да тегін қолжетімділік беру ұсынылды.
ЕКАТЕРИНА СМЫШЛЯЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Жаңа құжат бойынша байланыс операторлары азаматтарға мемлекеттік маңызды сервистерге шексіз қолжетімділікті қамтамасыз етуі қажет. Бұл, меніңше, әділ шешім. Себебі мемлекет пен адамның цифрлық байланысы қандай жағдайда да үзілмеу керек. Бұдан бөлек, халықтың цифрлық қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылып отыр.
Десе де, жауапты министрлік байланыс операторларының шешіміне ықпал ете алмайтынын ашық айтып, жауапкершіліктен қашып келеді. Себебі ведомство оларға қандай да бір әмір жүргізе алмайды екен. Ал тариф құнын өзгерту құзыреті толық компаниялардың еншісінде көрінеді. Бірақ салаға жауапты министр бағаның шарықтауын бірнеше себеппен түсіндіруге тырысты. Мәселен, монополистер айтыла-айтыла жыр болған 3G-ден 4G-ге көшу сынды жұмыстарға қыруар қаржы жұмсап жатыр-мыс. Алайда интернет сапасы жақсарып кеткені шамалы.
ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
Соңғы екі жылда интернет трафикті тұтыну шамамен 70% өсті. Ал кейбір операторлардың кейбір тарифтері мүлдем 10-15% арзандады. Мысалы, 2023 жылы 96 теңге болса, қазір осы жылы 82 теңге. Макроэкономикалық факторлар да бар, соның ішінде инфляция, құрал-жабдықтардың қымбаттауына байланысты.
Бүгін баяндама жасауға келген цифрлық дамуға жауапты министрді депутаттар сұрақтың астына алып бақты. Алайда Жаслан Мәдиевтің жауабы халық қалаулыларының көңілінен шыға қоймады. Ведомство басшысы көбіне бір сыдырғы, жаттанды, құрғақ сандармен құтылды. Бірақ министрден көңілі қалған депутаттар да қатқыл үн қатып, наразылықтарын жеткізді.
РИНАТ ЗАЙЫТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Сіздер интернет сапасына жауап бере алмайды екенсіздер, интернет бағасына жауап бере алмайды екенсіздер. Тіпті, мәжбүрлі жарнаманың өзіне де, мысалы, біз трафикке төлейміз. Бірақ кез келген YouTube болсын, басқасы болсын, біз қаламаған жарнаманы телефонға жібереді. Автодозвон туралы да айтылды. Одан да қорғай алмайды екенсіздер. Осы тұтынушылардың құқығын кім қорғайды, айтыңызшы осыны?
Қорыта айтқанда, цифрлық салаға жауапты министр Жаслан Мәдиевтің тарифке қатысты ойы мүлде басқа. Сала басшысы тіпті кейбір операторлар бағаны түсіріп жатқаны туралы да мысал келтірді. Мәселен, монополистерде көпбалалы отбасыларға арналған әлеуметтік тариф деген жеңілдіктер де бар екен. Бірақ жүгенсіз кеткен компания басшыларына шара қолдану туралы Мәжіліс депутаттары бастама көтерді. Халық қалаулылары тариф құнын бақылап отыруды Үкіметке жүктеу қажет дейді. Алайда Жаслан Мәдиев бұған қатысты мардымды жауап бермеді.