Перейти к содержимому
· 9 просмотров

Астанада не өзгереді?

Астанада үй алу да, салу да қиындайды. Алуға келгенде бағаның батпандап өскені жанға батары рас. Ал үй тұрғызу үшін енді сәулетіне ерекше мән берілмек. Өйткені қаланың сыртқы келбеті мен құрылысын бақылайтын кеңес құрылмақ. Таумен таласқан ғимараттар мен қарбаласқан көшелерді көздің жауын алар кейіпке келтіру басты міндет.

Астана тұтас әлем жұрты қызығатын құтты орда. Сондықтан бас қаланың басқадан бәсі биік болуы заңды. Бүгін бірлескен отырыста елорданың ерекше мәртебесі белгіленді. Сарыарқада сән түзеген шаһардың ауасы тазарып, ғимараты жаңарып, көркейе түспек. Тұрғындардың титығына тиген тұрақ мәселесі реттеледі.

БАУЫРЖАН ОМАРБЕКОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Конституциялық заң жобасының негізгі мақсаттары мен міндеттері – астананың ерекше мәртебесін айқындау, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру және тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру болып табылады. Атап айтқанда, астана мәслихаты мен әкімдігіне сәулет және қала құрылысы, жол қозғалысы, халықты әлеуметтік қорғау, экология, туризм, коммуналдық меншікті басқару және тағы басқа негізгі құзыреттер беріледі.

Астанаға ғана емес, алып атыраптағы ат төбеліндей елге түгел қатысты мәселелер қаралды. Жаңа заңға сәйкес елді мекенді құру, тарату, атауын өзгерту тәртібі бекітіледі. Мұндай кезде аумақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен тұрғындардың пікірі ескеріледі екен. Ал әкімшілік бөліністерге қатысты барлық деректер цифрлық жүйеде топтасады.

МҰҚАШ ЕСКЕНДІРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Әкімшілік-аумақтық құрылымдар мәселелерін шешу тәртібін, әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру және тарату, олардың шекараларын белгілеу және өзгерту, әкімшілік-аумақтық бірліктерді есепке алу және тіркеу, әкімшілік-аумақтық бірліктерге атау беру және қайта атау мәселелерін шешу кезінде мемлекеттік билік органдарының өкілеттіктерін айқындайды.

Сондай-ақ Халық кеңесінің атқарар қызметі айқындалды. Оның басты міндеті – қарапайым елдің талап-тілегін билікке жеткізу. Жаңа ұйым ұтымды ұсыныстар мен ілкімді істердің басында болмақ. Ал биліктің өзге тармақтары келелі кеңес көтерген мәселемен санасуға міндетті. Конституциялық консультативтік органның құрамына этномәдени орталықтар, қоғамдық ұйымдар, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері кіреді.

ЕРЛАН САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Халық кеңесі бірінші – құрылтайға заң жобаларын ұсына алады. Екінші – Қазақстан Республикасында референдум өткізу жөнінде бастамашы бола алады. Үшінші – Қазақстан Республикасының ішкі саясаты бойынша барлық аспектілерге өзінің ұсыныстарын бере алады.

Халық кеңесіне мүше болғандар 4 жылға бір мәрте сайланады. Ал төрағасы екі реттен артық басқара алмайды. Еске салсақ, осыған дейін мемлекет басшысы Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық Құрылтайдың орнына осы ұйымды құруды тапсырған еді. Ал күн тәртібінде қаралған мәселелер 148 депутаттың сүзгісінен өтіп, бірінші оқылымда мақұлданды.

← Все новости