Перейти к содержимому
· 18 просмотров

Еңбек еленген күн

Екі мыңнан астам отандасымыздың еңбегі еленді. Республика күніне орай кеше Астанада түрлі сала мамандарының кеудесіне мемлекеттік награда тағылды. Әр өңірден жиналған майталмандар мәз-мейрам. Біреуіне «Отан», енді біріне «Ерен еңбегі үшін» медалі, келесі бір жанға «Құрмет» ордені табысталды.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Республика күні қарсаңында ел дамуына үлес қосқан 2 мыңнан аса азамат мемлекеттік наградаға ие болды. Ақорда төрінде Мемлекет басшысы түрлі сала өкілдерін марапаттады. Олардың қатарында ғұмырын өнерге арнаған жандар да бар. Солардың бірі – дәл осы «Астана Балет» театрының балетмейстері, хореограф-қоюшысы Айгүл Тәти.

Бүгінде кейіпкеріміз сахна төрінде билемейді. Бірақ әр қимылдың дәлдігін, әр қойылымның мінезін қадағалап жүреді. Өйткені Айгүл Тәти үшін би – жаттап алған қозғалыстар жиынтығы емес, тұтас бір халықтың тарихы мен болмысы. Алматы хореография училищесін тәмамдаған сол кездегі жас маман сол жылы «Қазақконцерт» бірлестігіне жолдама алады. Роза Бағланова, Гүлжан Талпақова сынды өнер майталмандарымен бірге ел аралап, тәжірибе жинайды.

АЙГҮЛ ТӘТИ, «АСТАНА БАЛЕТ» ТЕАТРЫНЫҢ БАЛЕТМЕЙСТЕРІ:

Мысалы, біз ауылға барамыз, сахна кейде бір клуб болады, кейде клуб болмайды. Сол кезде жаңағы екі машинадан тоқыстырып, онда грузовик дейді. Сол жерге оркестрді отырғызады да, бес-алты адам. Біз ана жерге брезент төсеп… Сол жерде жаңағы өзің билеп жүре бересің. Сол жылдары алғашқы наградам мен үшін ыстық.

Бір кездері ауылдың шаңды алаңында би билеген өнер иесі араға ондаған жыл салып, Ақорда төрінде мемлекеттік марапат алды. Бұл – бір күннің табысы емес, тұтас ғұмырдың еңбегі. Айгүл Тәти секілді бұл күні салтанатты залға жиналған әр азаматтың артында талай жылғы төзім мен табандылық жатыр. Бірі қобалжуын жасыра алмаса, енді бірі мәртебелі марапаттың жауапкершілігін сезінді.

АЙГҮЛ ТӘТИ, «АСТАНА БАЛЕТ» ТЕАТРЫНЫҢ БАЛЕТМЕЙСТЕРІ:

Ақордаға келіп, осындай марапат аламыз деген үш ұйықтасақ түсімізге де кірмеген. Бірақ өте қуаныштымыз. Бүгін мереке қарсаңында осындай тамаша сәтке куә болып, көңіліміз көтеріліп қалды. Ерекше толқып тұрмыз. Біздің еңбегімізді елеп, Мемлекет басшысының осындай құрмет көрсетуі, халқымыздың қолдауы – еңбегіміздің жоғары деңгейде бағаланып жатқанының белгісі.

Ал келесі марапат иесінің есімі қазақ өнерімен біте қайнасқан. Оның әндері талай буынның жүрегінен орын алып, халықтың рухани қазынасына айналды. Белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев «Отан» орденімен марапатталды. Саналы ғұмырын ұлттық өнерге арнаған сазгер үшін бұл – шығармашылық жолындағы ерекше белес.

АЛТЫНБЕК ҚОРАЗБАЕВ, КОМПОЗИТОР, «ОТАН» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ:

Бүгін мен үшін өте ерекше күн болып саналып отыр. Менің кішкентай ғана еңбегімді, көп жылғы еңбегімді бағалап, мемлекетіміздің ең жоғары ордені — Отан орденімен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеудеме таққанына қуаныштымын. Тек қана менің емес, шәкірттерімнің, өнер адамдарының жеңісі деп ойлаймын. Қазақ елі — мәңгілік ел. Жасым келсе де, әлі де болса, бүкіл күш-жігеріммен қазақ өнеріне қызмет етуге дайынмын. Көп рақмет, қазақ елі.

Өнер мен мәдениет – ұлттың рухани тірегі. Ал сол мұраны сақтап, келер ұрпаққа жеткізу – бүгінгі буынның міндеті. Мемлекет басшысы әлемдегі өзгерістерге бейімделу үшін білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудің маңызын атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Өркениет көшінен қалып қоймау үшін заман талабына сай әрекет ету ұдайы маңызды. Адам капиталын дамыту – еліміздің конституциялық міндеті. Біз саналы, жауапкершілігі мол, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті, отаншыл және адал азаматтарды тәрбиелеуіміз керек. Бұл – еліміздің өсіп-өркендеуінің кепілі. Отаншылдық, еңбекқорлық, жасампаздық, өзара сыйластық, жанашырлық құндылықтарын кең ауқымда дәріптеп, қоғамымызда жаңарған этика қалыптастыруымыз қажет.

Осы қасиет бойынан табылатын бүгінгі марапат иелерінің арасында күнделікті еңбегі көпшілік назарына түсе бермейтін қарапайым жұмысшылар да бар. Солардың бірі – кран тізгіндеген қазақ қызы. Алып техниканы дәлдікпен басқару – оның күнделікті жұмысы. Ер азаматтарға тән кәсіп саналатын саланы меңгерген еңбек адамы бүгін Ақорда төрінде құрметке бөленді.

БОТАГӨЗ АЙТМАҒАМБЕТОВА, КРАН МАШИНИСІ:

2004 жылы зауытқа келдім. Сонда крандарды көрдім, өте ұнады. Солай үйрендім. Жұмысымды жақсы көрем. Жұмысыңды жақсы көрсең, ол қиын болмайды. Жақсы көріп жұмыс істесең, ол жеңіл. Басында, әрине, қиын болады. Бірақ адам үйреніп кетсе, қиын емес. Ең бірінші зауытқа кіргенде көпірлі кранда жұмыс істедім. Бірінші балқыту цехында жұмыс істедім, ыстық металл қойдым. Қазір шлак өңдеу цехында жұмыс істеймін. №12-67 – ең жақсы көретін краным.

Бірі сахнада, бірі өндірісте ел игілігі үшін тер төкті. Кәсібі бөлек болғанымен, барлығын біріктіретін қасиет – өз ісіне адалдық. Республика күні қарсаңында табысталған мемлекеттік наградалар – сол еңбектің ел алдындағы бағасы.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Еліміздің абыройын асырып жүрген еңбек адамдарына құрмет көрсету – мемлекеттік саясатымыздың өзегі. Мен Республика күні қарсаңында сіздерге және барша отандастарымызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры мәңгі болсын! Қастерлі Отанымыз – Қазақстан өсіп-өркендей берсін!

← Все новости