Перейти к содержимому
· 26 просмотров

Су жаңа үйдің іргесі сөгіле бастады

Шатырынан су кетіп, қабырғасынан сыз өтіп, іргесі сөгіле бастаған. Жетісу облысы Көксу ауданы Балпық би ауылындағы осал топқа жататын жандарға берілген баспананың сиқы көңіл көншітпей тұр. Сарылып күткен шаңырағының кілтін алып, төбесі көкке жеткендей қуанған бұқараның қуанышы ұзаққа бармапты. Жаңадан салынған үйлердің аз уақыт ішінде-ақ түрлі кем-кетігі шыққан.

ЛИДИЯ КУЧЕРОВА, БАЛПЫҚ БИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл үйде тұру мүмкін емес. Төбесінен су сорғалайды, ешқандай жылыту жүйесі жасалмаған. Есіктері де жабылмайды. Кемшіліктері шаш етектен, қабырғалары да сөгіліп, жарыла бастады. Менің екі балам бар. Қазір кірсек, үй іші демде көгеріп, зең басып кетеді. Ондай жерде балаларым ауруға шалдығады, денсаулықтары нашарлайды.

Тұрғындардың арыз-шағымынан кейін әкімдік бірден іске кірісіп, жауапты мердігерге ескерту жасапты. Қазіргі таңда компания жіберілген кемшіліктерді түзету жұмыстарын бастаған. 10 күн ішінде бәрін қалпына келтіріп, реттейміз деп уәде беріпті.

ҚУАНЫШ ЖҰМАТ, КӨКСУ АУДАНДЫҚ ТҮКШ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Қыс бойы сол тұрғын үйлерде ешкім тұрмағандықтан, қазір ақаулар шығып жатыр. Сол ақауларды қалпына келтіру жұмыстары басталды. 5 үйден шағым түсті, 5 үйге мердігер ұйым тарапынан қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Сол кемшіліктер бойынша жұмыстарын бастап, осы айдың соңына 10 күн ішінде жасап, қалпына келтіреміз деп уәделерін берді.

← Все новости