Перейти к содержимому
· 19 просмотров

Қазақстанның ұшағында отыратындар енді үрейдің құшағында да отыратын болды

Қазақстанның ұшағында отыратындар енді үрейдің құшағында да отыратын болды. Бүгін Үкімет отырысына келген авиация басшысы Майкл Дэниел дүйім елді дүр сілкіндірді. Оның сөзінше, көкке көтерілген ұшақтар құстармен соқтығысып, апатқа ұшырауы мүмкін. Оны әуе көлігінің ішіндегі сіз бен біз сезбейміз. Мәселен, өткен жылдың өзінде 300-ге жуық дәл осындай жағдай тіркеліпті.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Ұшарын құдай, қонарын флай білетін, Эйр Астана, жолда тастама деп жүретін елге есті ақпарат айтылды бүгін. Сыннан көз ашпайтын авиация саласын дамытуға жауаптылар білек сыбана кіріскен. Әлеуметтік маңызы бар 24 бағдарды қолдауға бюджеттен 6,4 млрд теңге бөлініпті. Сондай-ақ әуе кемелерінің паркі тағы 9 ұшақпен толыққан.

НҰРЛАН САУРАНБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:

Ішкі тасымалдарды одан әрі дамыту үшін заңнамаға өзгерістер енгізу ұсынылады. Атап айтқанда, жергілікті орындарға облысаралық рейстерді өз есебінен субсидиялауға рұқсат беру. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша туристік Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі қалаларында әуежайлар салынуда, сондай-ақ Арқалық әуе айлағы қалпына келтірілуде.

Іштің жайын іркілмей баяндаған Сауранбаев сыртқы рейстерге келгенде суыртпақтап сөйледі. Жыл басынан бері 4 жаңа халықаралық рейсті іске қостық, тағы он бірін ашамыз деп арқаны кеңге салғаны сол еді, Үкімет басшысы тосыннан сұрақ қойды.

— Нью-Йорк, Токио және басқа да бағыттар бойынша жаңа рейс ашамыз деп көптен бері әңгіме қозғап жатырмыз. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Қандай шаралар қабылдап жатырсыздар?

— Токиоға тікелей әуе рейсі биыл төртінші тоқсанда ашылады. Ал АҚШ-қа рейсті келесі жылы екінші тоқсанда ашамыз.

— Құр сөз болып қалмасын тағы да бір рет!

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Енді ұшаққа мінсе үрей құшағында отыратын елге қауіпсіздік туралы айтсақ. Қоқыс полигонының қасынан қоныс тепкен әуежайлардан көкке көтерілу қауіпті. Қаптаған қанаттылар әуе кемелерімен соқтығысып, арты апатқа ұласа ма деп қорқып отыр жауаптылар. Сондай-ақ бей-берекет бой көтерген нысандар да ұшақтың ұшуына кедергі екен.

МАЙКЛ ДЭНИЕЛ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ АВИАЦИЯЛЫҚ ӘКІМШІЛІГІНІҢ БАСШЫСЫ:

Атырау, Семей, Өскемен, Көкшетау, Балқаш және Үржар әуежайларының маңында орналасқан қоқыс полигондары әуе кемелерінің құстармен соқтығысу ықтималдығын арттырып, авиакомпаниялардың жұмысына шектеулер туғызады. 2025 жылы құстар 280 рет ұшаққа соғылған. Бұл мәселелерді шешу үшін Қазақстанның авиациялық әкімшілігі әуежай маңындағы аумақтарды аймақтарға бөлу схемаларын әзірлеп, әкімдіктерге жолдады.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Алайда жолдау қолдау таппады, кедергілер қаптады деп қамықты басшы. Хош. Авиацияның ақсаған тұсын айтып, ағайынның жүрегін шайлықтырмақ емеспіз. Оң өзгерістер де бар. Енді көкке көтерілерде сағаттап кезекте тұрмайсыз. Жауаптылар биометриялық жүйені іске қосып, тексеріс уақытын 4 минутқа қысқартпақ. Тек төлейтін теңгемізге компаниялардың көрсеткен қызметі сай болса игі.

← Все новости