Перейти к содержимому
· 12 просмотров

Сарыарқа мен саваннаның арасы жақындай түсті

Қазақтан сары май болу керек, Кениядан қара шай болуы керек. Сөйтіп, дастарқаның қонақ күтуге сай болуы керек. Ал Қазақстан мен Кенияның келісімінен соң, екі жақ та әжептәуір бай болуы керек. Өйткені Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шығыс Африка мемлекетінің басшысы Уильям Руто сауда-экономикалық һәм мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты күшейтуге бел буды.

Төрінен қонақ үзілмейтін қазақ бәз қалпынан айныған жоқ. Бүгін де бас қалада абыр-сабыр. Ыстық құрлықтан алып ұшып жеткен Кения Президентін Мемлекет басшысы құрақ ұшып қарсы алды. Тараптар бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырған соң, қарауылы ротасының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары әуеледі.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Қос ел көшбасшылары өткен жылы Нью-Йоркте БҰҰ-ның 78-сессиясында кездескен тұғын. Сол кезде екіжақты серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге уағдаласқан. Тараптар бүгін, міне, ресми кездесуді бастап кетті. Бұл сапар Сарыарқа мен саванна арасындағы жаңа экономикалық көпір болмақ.

Кения мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық байланыс осыдан 33 жыл бұрын орнаған. Содан бері қарым-қатынас адымдап алға баспаса да, алыс-беріс бәсеңдеген жоқ. Екі елдің тауар айналымы өткен жылы 52 млн доллардан асыпты. Келіссөз үстеліне жайғасқан тараптар сан салада серіктестікті нығайту перспективасын талқылады. Мемлекет басшысы бұл бастамалар қос елдің ынтымақтастығын сапалы деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан Еуразия жүрегінде орын тепкен, ал Кения Шығыс Африканың экономикалық орталығы саналады. Бұл екіжақты серіктестікті кеңейту тұрғысынан айрықша мәнге ие. Біз нарықтарды және көлік бағдарларын байланыстырып, инвестициялар мен тың мүмкіндіктерге жол ашу арқылы Орталық Азия мен Африка арасына дәнекер бола аламыз.

Кенияның қою күрең шайын ішпегендер кемде-кем шығар. Иә, бұл мемлекет осы сусынның өндірісі мен экспорты бойынша әлемдегі көшбасшылардың бірі саналады. Жаһандық нарыққа жыл сайын шамамен 500 000 тонна шай жапырағын жеткізеді екен. Тағы бір қызық дерек, электр қуатының 90 пайызын жаңартылатын энергия көздерінен алып отыр. Өз кезегінде Уильям Руто Қазақстанды сауда мен инвестицияны дамытудағы маңызды логистикалық хаб ретінде қарастыратынын атап өтті.

УИЛЬЯМ РУТО, КЕНИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Президент мырза, Найроби қаласында тұрақты елші тағайындау туралы шешіміңіз Сіздің және Үкіметіңіздің Қазақстан мен Кения арасындағы байланыстарды ілгерілетуге маңыз беріп отырғандарыңызды байқатады. Менің сапарым – елдеріміздің ынтымақтастығын нығайтуды көздейтін нақты қадам. Оған еш күмән жоқ. Өзара сауда-саттықты арттыру бағытында айтарлықтай әлеуетіміз бар деп ойлаймын.

Шығыс Африканың ең ірі қақпасы саналатын Кениямен келіссөзді нығайтсақ, ұтарымыз көп. Мұхитқа тікелей шығар жолы жоқ әлемдегі ең ірі мемлекеттердің бірі – Қазақстан үшін жаңа көлік дәліздерін құру маңызды мәселе. Елдегі ең үлкен «Момбаса» теңіз порты арқылы біздің мемлекет бірден бірнеше елдің нарықтарына шығуға мүмкіндігі бар.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін, ең алдымен, бидайды және өзге де тауарларды Африка нарығына жеткізуге мүдделіміз. Осы мақсатпен Момбаса портын пайдалану мәселесін қарастырдық. Бұл – осы аймақтың сегіз мемлекетіне жол ашатын Шығыс Африкадағы ең ірі логистика орталығының бірі. Бүгінде Қазақстан нарығында Кенияның бірқатар тауары, соның ішінде шай және кофе өнімдері бар. Мұны екі ел арасында орныққан тұрақты сауда қатынасының көрінісі деуге болады.

Негізі, екі елді байланыстыратын ортақ құндылықтар көп. Географиялық тұрғыдан алшақ орналасса да, жаңғыруға деген ұмтылыс пен болашаққа сенімді көзқарас біріктіреді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Айтпақшы, Кения Президенті Қазақстанға алғаш рет табан тіресе, осы елдің тумалары, желаяқ қыздар әлдеқашан қазақтың жүрегінен орын алған. Желмен жарысқан Нора Джеруто мен Дейзи Джепкемейлер еліміздің абыройын асырып, көк ту астында өнер көрсетіп жүр.

Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары деңгейдегі келіссөздер Қазақстан-Кения қарым-қатынасын одан әрі тереңдетуге, оны жаңа деңгейге шығаруға берік негіз қалағанын айтты. Осылайша, Кения Президенті Уильям Рутоны І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кения Президенті Уильям Руто бірлескен мәлімдеме қабылдап, 10-ға жуық келісімге қол қойды.

← Все новости