Сенген серкем «сергек жүргізуші» болса, істегеніңе болайын. Ұрттап алғасын «сау жүргізуші» шақырған Павлодар тұрғыны көлікті тұраққа қоюдан бас тартқан тізгіншінің кесірінен сегіз жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Бекер обалы қане, ер адам масаң күйде темір тұлпарын айдамай, үйінің ауласына дейін жеткен. Алайда сергек жігіт техниканы келген жеріне тастай салыпты.
Көлік иесі амалсыздан ауладағы тұраққа қоюға оқталғанда, қайдан сау ете түскені белгісіз тәртіп сақшылары лезде пайда болған. Әлеуметтік желіде жарияланған видеоны көрген жұрттың көбі бұл қасақана жасалған әрекет деп отыр. Алайда полиция департаменті мұны жоққа шығарды. Айтуларынша, тәртіп сақшылары сол маңда дүкендердегі заңсыз алкоголь өнімдерін сату фактілерін тексеріп жүргенде, көлігін тұраққа қоя алмай жатқан тізгіншіні байқап қалып, қасына барған екен. Алайда тізгінші медициналық куәландырудан өтуден бас тартыпты. Сосын қамауға алынып, куәлігінен айырылған.
РЕСМИ ХАБАРЛАМАДАН:
Медициналық мекемеге жеткізу кезінде жүргізуші медициналық куәландырудан өтуден бас тартты. Әкімшілік заңнамаға сәйкес, полиция қызметкерінің заңды талабын орындамағаны, яғни куәландырудан өтуден бас тартқаны үшін әкімшілік материал сотқа жолданды. Сот қаулысымен жүргізуші 8 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.