Перейти к содержимому
· 10 просмотров

Жер телімі талан-таражға түсті

Теңгең болса — телім дайын. Жамбылда жұрт әкімдікті ауыл жерін астыртын саудаға салды деп айыптап отыр. Тұрғындардың сөзінше, 20 жылдан бері жер кезегінде тұрғандардың үміті үзілген. Кезек жылжымақ түгілі, кері кеткен. Ал шенеуніктер жердің нысаналы мақсатын құпия өзгертіп, әр телімді 2 миллион теңгеден сатып жіберген көрінеді. Соның кесірінен ауылда мектеп пен спорт кешенін салатын бос жер қалмаған.

Байзақ ауданы Үлгілі елді мекенінің тұрғындары шенділер шиеленіскен мәселені шешудің орнына, полицейлермен келіп қорқытуды шығарды дейді. Айтуларынша, үркітіп, үнемі үйлеріне кіріп, арасында «абайла» деп астарлап сөйлейтін көрінеді. Әдетте әкімдіктен аттап баспайтындардың неге келгіштеп кеткенін жұрт түсінбей дал.

АЙДАРХАН БАЙБАЛАТОВ, ҮЛГІЛІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Өзіміз қорқуға дейін бара жатырмыз. Себебі әкімшіліктен адамдары келеді де, жаңағы «абайлаңдаршы», тағы айтатыны — «абайлаңдар». Біз заңды өзіміздің жерді талап етіп жатырмыз. Келеміз ауысады, кетіп қалады. Ауысады, кетіп қалады. Демек, бұл жерде бір нәрсе бар.

Аудан іргесіндегі ауыл тұрғындары жер кезегіне 2005 жылдан бастап тұрған. Әлеуметтің айтуынша, осы арада елді мекенді 3 әкім басқарыпты. 3 атқамінердің кезінде де бірнеше жыл телімге қатысты тізім еш өзгермеген. Керісінше, кезек кері кетіп, кейбірі өз есімін таба алмай қалған.

РАЙХАН БАЙТҰРСЫНОВА, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

2017 жылы кезекке тұрдым. Көпбалалы анамын. Кезек пен маған жылжымайды. Ешқашан жылжыған емес. Ал миллионыңыз бар ма, біз берейік деген.

Соңғы 5 жылда тұрғын үйлердің жаппай салынуы көпшіліктің күдігін күшейткен. Себебі, сегіз сотықтан жерлердің саудаға түскенін сырттан естіген ел әкімдікке баса-көктеп барғанда, атқамінер мен Жер қатынастары бөлімінің басшысы өз еріктерімен жұмыстан кетіп қалыпты. Жергілікті билік жұртты жұбату үшін 3 жылда 150 учаске бердік деп ақталыпты. Алайда бұқара 300 учаскеге жарық жүргізілгенін жеткізді. Сонда қалған 150 қайда кетті дейді.

МАҚҰЛБЕК БЕГАЛИЕВ, ҮЛГІЛІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына жерге 300 жер телімі түседі деген. Біз соның тоғын, бәрін тарттық. Ал әкімшіліктен сұрасақ, 300 емес, 150 жер телімі деді. Сөйтсе, 300-ден астам жер телімі шыққан.

Прокурорлар заңсыз жер үлестірілгенін анықтағанымен, ауыл әкімінің міндетін атқарушы мәселеге қатысты жақ ашпады. Тек тиісті телімдер кезек-кезегімен беріліп отырғанын баяндады.

АЗАТ АЙТБАЙ, ҮЛГІЛІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Жер кезегі бойынша 1027 адамнан 888 адамға қысқарды. Сол 888 адам — бірінші қағазбен тұрған адамдар. 2011-ден бастап 2022-ге дейін сол адамдар алады, ең бірінші. Ал электронды 2022-нің жартысынан кейін тұрғандар осы адамдар алып бітпейінше ала алмайды.

Ауыл жері қолдан кетті деген көпшілік аудан әкімін таба алмаған соң облыс әкімдігіне барды. Алып ғимараттың алдында өңір басшыларынан ешкім шықпады. Амалы таусылғанда әділдікті Астанадан іздейміз дейді.

← Все новости