Перейти к содержимому
· 6 просмотров

5 жастағы қызды ит талап тастады

Түркістан облысында иттер адамдарды талап жатыр. Ескі Иқан ауылында 5 жасар қызға шабуыл жасап, бетінің сау-тамтығын қылдырмай тістелеп тастапты. Әбден қансыраған кішкентай қыз қазір аурухана төсегіне таңылған. Көп ұзамай Жаңа Иқан ауылында да иттің адамға шабуылы тіркеліпті. Енді елді мекен ішінде өріп жүрген қаңғыбас төрт аяқтылардан тұрғындардың зәре-құты ұшып отыр.

Ит талаған 5 жастағы қыздың қазіргі жағдайы тап осындай. Сұмдық оқиға 16 мамыр күні Сауран ауданындағы Ескі Иқан ауылында болған. Далада топ баламен ойнап жүрген бүлдіршінді қаңғыбас ит келіп бас салған. Бет-жүзінен түк қалдырмаған. Балақайды жанында жүргендер төрт аяқты мақұлықтан әрең дегенде арашалап алыпты. Кейін бірден ауруханаға жеткізіп, жансақтау бөліміне жатқызылыпты.

ДИЛАФРУЗ ХАЛИКОВА, ЕСКІ ИҚАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қызымның бетінің сау-тамтығы қалған емес. Мына көзінің астындағы сүйек бар ғой, соны жыртып алып көрсетіп қойған. Бекем болыңыз деп айтты врачтар. Қызыңызды реанимацияға алдық, өте қатты ауыр халде деп айтты. Мың жерден пластикалық операция істеткенде де тума бет-әлпеті енді қайтып келмейді ғой. Мен табиғи құдай берген бет-әлпетін сағынам ғой.

Дәрігерлер шошынып қалған қыз өз-өзіне келген соң бетіне 4 сағат ота жасап, аман алып қалыпты. Енді аурухана төсегіне таңылған бүлдіршін қанша уақыт ем қабылдайтыны әзірге белгісіз. Онымен қоса, психологиялық та көмек көрсетіліп жатыр екен. Себебі осы жағдайдан кейін түнде жиі шошитын болған. Ал анасының қорқынышы — қызын қауып алған ит әлі күнге дейін табылмаған. Сондықтан хайуанның құтырған не құтырмағанын біле алмай отыр.

ГҮЛЖАЗИРА БЕРДАЗИМОВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ОТОРИНОЛАРИНГОЛОГИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Қол-аяғында жоқ. Тек басының кей жерлерінде тырнақ іздері бар. Травматикалық шок алған. Қатты шошыған. Және бастың аймағында жарақаттары да бар. Қазір жағдайы тұрақты деп бағалануда. Және де бұл жерде қаншалықты болатыны белгісіз.

Ал бұл Жаңа Иқан ауылында болған жағдай. Бұл жерде де ит 4-5 адамға шабуыл жасап, падаға сиыр айдауға шыққан 12 жасар баланың бетін тістеп алған. Қайта тұрғындар жан-жақтан қаумалап, төрт аяқты мақұлықты өлтіріп, басын сараптамаға жіберіпті.

Қазір Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан мен Жаңа Иқан ауылдарының тұрғындары осындай жағдайлардан кейін ұл-қыздарын далаға шығарудан қорқып қалған. Мектепке де жетектеп апарып, алып қайтады. Көшеде өріп жүрген қаңғыбас иттер әбден мазаларын алыпты.

ЖАСУР ҚҰРСАНБЕКОВ, САУРАН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біздің көшеде де иттер көп болатын. Бірақ қазір азайып қалған, басқа жақтарға кеткен ау деймін. Бірақ басқа көшелерден өзіміз де қорқып өтеміз мектепке барар кезде. Ит көбейіп кеткен.

Ал аудандық жауаптылар Жаңа Иқандағы жағдайдан соң итті сол мезетте ұстап, лабораториялық зерттеуге жіберіпті. Оның қорытындысы бірнеше күнде дайын болады. Жалпы мамыр айынан бастап итті аулау жұмыстары аудандардың құзыретіне берілген. Ал жыл басталғаннан бері 50-ге жуық ит ауланып, оның 20-сының көзі жойылыпты. Аудандық жауаптылар бұл бағыттағы жұмысты тоқтатпаймыз дейді.

ЕРБОЛ НАСЫР, САУРАН АУДАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Қоқыс тастайтын полигондарда жүрген қараусыз иттер бар. Егер мойнында қарғыбауы бар иттерді аулаған болсақ, оны екпе жұмыстарын жүргізіп иесіне қайтарамыз. Бізде қазіргі заңнамаға сәйкес, итті күтіп ұстауға және итті залалсыздандыруға және итті аулауға үш бағытта ақша бөлінген. Ол бағыт бойынша біз қазір тұрақты түрде жұмыс жасаудамыз. Итті аулауға Сауран ауданы бойынша 6,5 млн теңге бөлінген.

Ал Ескі Иқандағы кішкентай қызға шабуыл жасаған итті әкімдіктегілер және учаскелік полицейлер іздестіріп жатыр. Табылған жағдайда мақұлық тексеріліп, иесі болатын болса, оған да айыппұл салынады дейді.

← Все новости