Перейти к содержимому
· 14 просмотров

Нотариустардың былығы әшкере болды

Коллекторлардың аузын майлап, қаржы ұйымдарының көңілін жайлап әрекет еткен. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек нотариустардың былығын жайып салды. Халық қалаулысының дерегінше, Алматыдағы 15 мекеме қаржы ұйымының пайдасына 20 миллиард теңге болатын атқарушылық жазба жасаған. Яғни қарызды өндіріп алуға қолғабыс еткен. Тіпті ақшаға құныққан кейбірі 2 күннің ішінде дәл осындай 33 мың құжатты рәсімдепті. Ал оның арасында берешегі жоқ жандар да бар екен. Соның салдарынан адамдардың шоттары бұғатталып, мүліктеріне шектеу қойылған.

БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Нотариустар дәл өздерінің қызметін пайдаланып, басқа нотариустарға бармағаны үшін табысының жартысын қаржы ұйымдары мен коллекторларға аударып отырған. Нотариус қызметтерінің үшінші тұлғалардың шоттарына аударым жасау арқылы, қолма-қол ақшалай беру арқылы «сыйақы» төлеп отырған. 3 жылдың ішінде осындай нотариустар микроқаржы ұйымдары мен коллекторларға 400 млн теңге аударған.

Сол себепті жіліктің майлы басына айналған орындарды жүйелейтін заң жобасы әзірленген. Енді қарызды өндіріп алу құжатын тек борышкер тіркелген өңірде жасай аласыз. Басқа қаладан ақшаңызды бұлдап, сырттай іс қағаздарды рәсімдеуге болмайды. Сондай-ақ қарыз алушыға міндетті түрде SMS немесе eGov арқылы хабар беріледі. Оған өзінің кінәсін дәлелдейтін құжаттар көрсетіліп, кредитормен келісуге мүмкіндік туындайды. Барлық атқарушылық жазбалар нотариустар арасында автоматты жүйемен бөлінбек. Талаптарды орындамай, заң бұзған нотариустар лицензиясынан айырылып, жұмысын тоқтатады.

НҰРСҰЛТАН БАЙТІЛЕСОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Заң жобасымен нотариустардың жеке сот орындаушыларымен, микроқаржы ұйымдарымен және өзге де қатысы бар тұлғалармен байланыстылық фактілерін болдырмау үшін қосымша шектеулер белгілеу ұсынылады. Атап айтқанда, жақын туыстық немесе өзге де тәуелділік болған жағдайда нотариаттық әрекеттер жасауға тыйым салуды көздейді.

Жақсылық Жасуланұлы

← Все новости