Перейти к содержимому
· 10 просмотров

Ақтөбеде алапат өрт болды

Ақтөбеде алапат өрт болды. Тағы да шатыр қызыл жалынға оранды. Ұйқыда жатқан жұрт шошып оянып, апас-қапаста үйлерін тастай сала қашты. Ақтөбеде неге өрт жиілейді? Тілсіз жауға не себеп? Зардап шеккендер бар ма?

Сәтпаев көшесіндегі бес қабатты үйдің қызыл жалынға оранып жатқанын ең бірінші такси жүргізушісі байқапты. Өрт сөндіру қызметіне қоңырау шалған да сол екен. Тілсіз жау үйдің төбесіндегі 290 шаршы метр аумаққа таралған. Оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар жалма-жан 50 адамды сыртқа алып шыққан. Оның арасында кішкентай сәбилер де бар.

ӘДІЛЕТ АРТЫҚАЛИ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ:

Құтқарушылар үй тұрғындарын дер кезінде эвакуациялап, барлығы 50 адамды, оның ішінде 12 баланы қауіпсіз жерге шығарды. Өрттің өзге пәтерлерге таралуына жол берілмеді. Өрт толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда.

Қою қара түтін шыққанда жапатармағай пәтерін тастай сала далаға беттегендер естерін енді жинап жатыр. Әсіресе бесінші қабаттағыларға оңай тимей тұр. Мирболат ағаның ұлының пәтерінің төбесі тура мағынасында ортасына түскен. Қоныс тойын былтыр ғана тойлапты. Енді суға малынған жиһаз, мүліктің бәрін жаңаламаса болмайды дейді.

МИРБОЛАТ БЕКМУРЗИН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Былтыр балам осы үйді алып, полный ремонт жасады. Бәрін полностью, 100 пайыз ремонт жасады. Биыл міне, түнгі сағат екіден кете пожар болған, екі жарымда үйге келді. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, міне, линолеум, бүкіл обойдың бәрі, потолоктың бәрін алмастыру керек. Талабым – осы үйге компенсация берсе, көмектессе, үкіметтің тарапынан бізге көмектессе.

Бұл — қалада ең алғаш терможаңғырту жасалған үйлердің бірі. 10 жыл бұрын баспананың қасбеті мен шатырын жаңалаған. Тұрғындар әлі күнге берешегін төлеп отыр. Пәтер иелері кооперативі төрайымының айтуынша, өрт подъездегі электр есептегішінен шығуы мүмкін емес. Өйткені бәрін құлыптап, күтіп ұстаймыз деді.

АСХАТ ҚАЗИЕВ, «ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫ» МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІНІҢ БАСШЫСЫ:

Модернизация 2016 жылы жасалған, кепілдік екі жылға беріледі. Оның кредитін төлеу 15 жылға берілген. Тағы да бір аралап қарап шыққанда бесінші этаждағы 12 үйдің төбесі шамалы кеткен. Қазір әбден болсын, төбенің бәрін қарастырып, компетентный органдар белгілейді қалай болатынын.

Мамандар өрттің неден шыққанын анықтайтын болады. Ал пәтері бүлінгендер Төтенше жағдайлар департаментінен анықтама алып, қалалық әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тапсыруы тиіс. Үй иесіне 100 АЕК көлемінде біржолғы төлем қарастырылған.

← Все новости