Перейти к содержимому
· 6 просмотров

Аңдамай сөйлеуге асыққандар

Ашу — дұшпан, ақыл — дос! Эмоция үстінде кейде бір-бірімізді ойда-жоқта ренжітіп, көңілге қаяу салып жатамыз. Айтылған ауыр сөздер үшін кейін өкініп, кешірім сұрап, көңілсіз тірлік кешеміз. Ал қазір аңдамай сөйлеу сәнге айналды. Мақсатты түрде біреуді, біреуді дегенде, ол мейлі күллі елдің мақтанышы, бір рудың аңызға айналған тұлғасы не елге еңбегі сіңген арда азамат болса да, абыройына нұқсан келтіріп, ағайынның ашуын қоздыратындар көп. Тіпті өзін мүсәпір кейіпте көрсету үшін дәлелденбеген ақпаратты дүйім жұртқа жайып, елді елең еткізіп, желідегі жұлдызын жағып алатындар жүр арамызда. Хайптың соңынан қуып, бұқараның алдында айыпты болып жатқандардың көбі заңмен қудаланбайды. Кешірім видеосын жариялап, бұйығы тірлігін жалғастыра береді.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Бір сәттік танымалдылықтың құны қанша? Бүгінде әлеуметтік желіде миллион қаралым жинау үшін біреулер ар-ұятын, енді біреулер өзгенің абыройын айрандай төгіп жатыр. Өз контентімен оқырман тарта алмаған соң, өтірік пен өсекті, хайп пен жала жабуды кәсіпке айналдырғандар көбейді. Өкініштісі сол, экранның арғы жағындағы мыңдаған адам ақ-қарасын ажыратпастан, бір сәтте үкім шығарып, даттап үлгереді. Желідегі жеңіл атақ пен оның ауыр зардабы туралы саралайық.

Желіні шарлаған мына мәлімдеме елдің жағасын ұстатты. Бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамды шулатқан бұл оқиға балаларға бағыт-бағдар беретін еліміздегі бірегей телеарнаның төңірегінде өрбіді. Желі қолданушысы Нұрғали Нұғманның «арна продюсері мені зорлады» деген ашық айыптауы дүйім жұртты дүр сілкіндірді.

НҰРҒАЛИ НҰҒМАН, ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ҚОЛДАНУШЫСЫ:

Сол моментте мені көтеріп, құшақтап диванға жатқызды да, мойнымнан, құлағымнан жалап, иіскей бастады. Бір кезде ол менің үстімдегі полный киімді шешіп, өзінің істейтін нәрсесін істеді. Мен ол кезде реальный бала болдым, мен нереально шоковый состояниеге түстім.

Бұл мәлімдемеден кейін қоғам қақ жарылды. Бірі әліптің артын бағып, ресми ақпаратты күтсе, енді бірі ел болашағы балаларға қызмет етіп жүрген іргелі арнаны мұндай ауыр айыпқа қимады. Алайда даудың басы басталмай жатып, оқиға күтпеген бағытқа бұрылды. Әлеуметтік желіні дүр сілкіндірген әлгі жігіт көп ұзамай «Балапаннан» кешірім сұрап, видео жариялады.

Көп ұзамай қаралауға қатысты «Балапан» телеарнасы да ресми жауап берді. Арна ұжымы тағылған айыпты үзілді-кесілді теріске шығарып, телеарна ашылған күннен бері бұл қызметте бірде-бір ер азамат жұмыс істемегенін алға тартты.

«BALAPAN» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ РЕСМИ ХАБАРЛАМАСЫ:

2010 жылғы 27 қыркүйекте құрылған «Balapan» телеарнасының штатында ер адам «продюсер» қызметінде жұмыс істемеген. Кейін желі қолданушысы өз мәлімдемесінде сөз болған оқиғаның телеарнада емес, коммерциялық жоба аясында болғанын айтып, жаңа видео жариялады және арна қызметкерлерінен кешірім сұрады.

Алайда бұл шу бұнымен басылмады. Желі белсендісі Арайлым Русланқызы даудың артында тұрғандардың айласын асырып, аяғын шалған айғақты жариялады. Сөйтсе, парақша иесі Нұрғалиды «оқырман жинайсың» деп желіктіріп, осы өтірікке әу баста өзі итермелеген екен. Кейін онысымен мақтанышпен бөлісіп: «Бір күнде резонанс тудырамыз, хабарласыңыз!» деп жарнамасын да іліп үлгеріпті. Тек бұл емес, желіні жарған мұндай арзан пиардың мысалы көп. Осыдан біраз бұрын қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали Мақатаевты «сорлы еркек» деп айыптап, артынан оңбай қателескенін түсінген Әлішер Теменов те — соның бірі. Ақынның басына барып тәубеге келген ол бүгінде хайп қуғандарға өз басынан өткен ащы сабағын былай деп жеткізді.

ӘЛІШЕР ТЕМЕНОВ:

Бірінші қателесуі керек, одан кейін қайталамайтын болады. Басына тиюі керек. Белгілі бір шекарадан аттап кетпеу керек дегенді түсінуі керек. Оның өзі таяғын көруі керек, жеп көруі керек. Белгілі бір сотқа дейінгі іс-әрекетке барып көруі керек. Штраф алып көруі керек, айыппұл арқалап. Соны төлегеннен кейін ендігі әрі қайталамайтын болады.

Әрине, айыппұл арқалап, басына тигенде ғана ес жиятындардың әрекеті бүгінгінің дерті болып тұр. «Оқырман жинап, сол арқылы кәсібімді дөңгелетемін» деген соқыр нәпсі көпті адастырып жүр. Бірақ өтірік пен өсекке құралған аудиторияның салмағы қандай? Кәсіби маман Айдын Жанай хайп қуған пысықтардың бұл қадамын қатеге балап, «өсекпен жиналған оқырманнан өнімді кәсіп шықпайды» деп кесіп айтты.

АЙДЫН ЖАНАЙ, КОНТЕНТ ПРОДЮСЕР:

Енді бұл қазіргі заман талабына сай заңдылық. Өйткені аудитория жинағаннан кейін сен оған қажеттілік сатасың, сен оған қаншама уақытыңды бөлесің, сен соның бәрін істеп тұрып өзіңнің бизнесіңмен, өзіңнің кәсібіңді айтпасаң, онда ол аудиторияны не үшін жинайсың деген заңды сұрақ. Бұл қазіргі кезде норма. Өз ойым — бұл өте қате, өсекпен жиналған аудитория сапасыз болады. Яғни ол адал болмайды. Өйткені ол тек сондай хайп дүниелерді көріп үйреніп қалған.

Демек, айла-тәсілмен жиналған оқырман бизнесті өсірмейді. Ең сорақысы арзан бедел жинаймын деп, өтірікті ақтайтындардың бұл әрекеті жай ғана қателік емес, заң тілімен айтқанда қылмыс. Елді елең еткізіп, іргелі ұйымдар мен азаматтарды қаралағандардың арты үлкен қылмыстық іске ұласуы мүмкін. Мұндай хайп-менеджерлерді қандай жаза күтіп тұр? Заңгер Жандос Тұяқбаев заңның қатал талабын былай деп шегеледі.

ЖАНДОС ТҰЯҚБАЕВ, ЗАҢГЕР:

Бұндай жағдайларда егер де сол азаматтың таратып отырған ақпараты шындыққа ұласпаса және шындық емес болып, жәй ғана адамды немесе ұйымды қараласа, бұл жағдайда ҚР ҚК-нің 274-бабы бойынша, яғни шындыққа сай келмейтін ақпаратты тарату деп нақты көрсетілген. Және мұнда бірінші бөлігіне келетін болсақ, бұл жерде интернет жүйесі арқылы таратқан болса, 3000 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған және де 3 жылға бас бостандығынан айыру мәселесі қарастырылған.

Арзан пиардың соңы темір торға қамап немесе қомақты айыппұлға әкелуі әбден мүмкін. Заңның соққысы да, хайптың нәтижесі де уақытша. Ал желідегі ұзақ мерзімді, сапалы оқырман мүлдем басқа құндылықтарға негізделуі тиіс. Арзан қаралымның артынан жүгірмей, ұлттық идеология мен руханиятқа қызмет етудің маңызы зор. Оқырманды алдамай, тұрақты құндылық қалыптастырудың жолын журналист, блогер Әсем Изатқызы былай деп түсіндіреді.

ӘСЕМ ИЗАТҚЫЗЫ, БЛОГЕР:

Статистика, охват хайп қуған кезде көтерілер, бірақ ол уақытша. Ол өткінші нәрсе. Арзан күлкі сыйлайды, ал арзан күлкі алысқа апармайды. Контентті әдемі отбасылық тақырыптарға я болмаса руханиятқа, әдебиетке бағыттап, әрине, аз қаралым жинайсың, өзімнің басымнан өтеді. Бірақ уақыт өте келе халықтың көзқарасын өзіңе бұрып, идеологияны дамыта аламыз, идеологияны сол жаққа қарай бұра аламыз. Сол себепті менің жеке пікірім — журналистер, менің әріптестерім, блогерлік салаға көңіл бөлсе деймін.

Желінің де өз тазалығы бар. Бүгінгі саналы көрермен арзан сенсация мен жалған ақпараттан шаршады. Сондықтан секундтық хайп үшін абыройын саудалағандар ертең заң алдында ғана емес, өз оқырманының алдында да құнсызданары анық. Өйткені нағыз бедел миллиондаған лайкпен емес, сапалы мазмұн мен шынайы сеніммен өлшенеді.

← Все новости