Краннан су ішерде абайлаңыз! Құбырмен келетін тіршілік нәрін зерттеген мамандардың пайымы осындай. Ал дүкендегі бөтелкедегі су адам ағзасы үшін қауіпсіз бе? Бәленбай ақшаға орнатылған фильтр ше?
ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:
Міне, алдымызда үш бөтелкеде әртүрлі су тұр. Біріншісі — краннан алынған, екіншісі фильтрдің сүзгісінен өткен, үшіншісі — дүкеннен сатып алынған ауыз су. Күнделікті тұтынып жүргенімізбен, бұлардың қаншалықты таза әрі қауіпсіз екенін көп жағдайда біле бермейміз. Жалпы қайсысын ішкен дұрыс? Ол үшін бүгін арнайы зертханаға барып, тексерістен өткіземіз.
Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығына ат басын бұрдық. Табалдырықты аттаған сәтте-ақ кәсіби мамандар әрбір әкелінген сынаманы мұқият тіркеп, бірден қабылдап алады.
ДАМИРА САХИ, ЗЕРТХАНА МАМАНЫ:
Міне, өзімізбен бірге ала келген үш бөтелкенің әрқайсысын таңбалап, арнайы маманға тапсырып жатырмыз. Енді әрі қарай процесс қалай жүргізіледі? — Зертханамызға түскен үш бөтелкені біз толықтай химиялық құрамын тексереміз, кермектілігі, PH, минерализациясын қараймыз. Және де сонымен қатар құрамындағы ауыр металдар, барлық металдарға қарап, соңында сізге зертхананың протокол жұмысын беретін боламыз.
Бір қарағанда бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ, мөлдір болып көрінген үш шөлмектегі су енді білікті мамандардың сүзгісінен өтеді. Зертхана қызметкерлері химиялық құрамын толық тексеруге кірісті. Көп күттірген жоқ, небәрі 5-10 минуттың ішінде алғашқы нақты нәтижелерін шығарды.
ДАМИРА САХИ, ЗЕРТХАНА БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:
Бірінші орынға қоятын болсақ — дүкендегі су, екінші орында фильтрдегі, және де крандағы суды тек қана ыдыс жуғанда немесе көкөністерді жуғанда қолданған абзал.
Осылайша, зертхана сүзгісі мөлдір тамшылардың аражігін ажыратып, кімнің қандай су ішіп жүргенін ашық көрсетіп берді. Орталық ұйымдастырған бүгінгі ашық есік күнінің шарапатын халық та көрді. Таңнан бері мұнда 40-қа жуық қала тұрғыны келіп, өз денсаулығы үшін маңызды тегін мүмкіндікті қалт жібермепті. Жауаптылардың айтуынша, бұл игі бастама мұнымен тоқтап қалмайды, алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
АЛИЯ БЕЙСЕМБАЕВА, ҚР ПІБ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ САРАПТАМА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЗЕРТХАНА МЕҢГЕРУШІСІ:
Бізде мұндай іс-шаралар жиі түрде өткізіліп тұрады. Кез келген азамат өзі тұтынатын судың сапасы мен тазалығын тексертуге мүмкіндігі болады. Бүгінгі акция қала тұрғындары үшін тегін ұйымдастырылды. Ал жалпы әдеттегі күндері суға сараптама жасау қызметінің бағасы 3 000 — 10 000 теңге аралығында болады.
Күнделікті ішіп жүрген суымыздың сапасын білу жай ғана қызығушылық емес, әр адам үшін басты қажеттілік. Өйткені мөлдір тамшының құрамы таза болғанда ғана, ол ағзаға пайдасын тигізе алады.