Көрерменді жылатқан қойылым. Елордада тағдыр тауқыметін күлкімен жеткізе білген ерекше спектакльдің тұсаукесері өтті. Сюжет желісі бойынша режиссер өмірдің әр кезеңін қамтуға тырысқан. Ән мен би, сахна мен сән үйлескен спектакльде әжелердің рөлін жас әртістер ойнады. Режиссердің көздеген миссиясы да осы.
Елорда төрінде театр әлеміне тың серпіліс әкелген ерекше қойылым сахналанды. Өмірге деген сүйіспеншілікке толы туынды – атақты орыс драматургі Николай Коляданың пьесасынан алынған. Шығарманың желісі халық ансамблінің 10 жылдық мерейтойына арналған. Қойылымның негізгі мақсаты – көрерменді күлдіре отырып, қоғамдағы мәселелерді жеткізу.
ВЯЧЕСЛАВ ВИТТИХ, ҚОЮШЫ РЕЖИССЕР:
Біз әрлеуші режиссер Максим Лисовскийді арнайы шақырдық. Мен ол кісімен бұрыннан бірге жұмыс істеймін, ол Мәскеу қаласынан. Көптеген билерді осы сахнаға арнап дайындады. Көп тер төгілді. Менің ойымша, көрермен оң бағасын беріп, оң әсерлерімен бөліседі деп үміттенемін.
Пьесаны сахналауға актерлер екі ай бойы дайындалыпты. Әсіресе қимыл-қозғалысқа, жүріс-тұрысқа аса мән берілген. Себебі ансамбльдегі 70-80 жастағы өнерпаздарды жас әртістер сомдайды. Қойылымның басты ерекшелігі де осы.
ЛИДИЯ ТРИШЕЧКИНА, КӨРЕРМЕН:
Қойылым арқылы өмірдің әр түрлі сәтін көз алдыңа елестетесің. Бірде қуаныш бойымызды кернейді, кейде мұңаямыз, кейде күлеміз. Бүгінгі күн мен үшін өте әсерлі болды. Не үшін екенін айтпай-ақ қояйын. Сахнада орындалған әннен кейін көзіме жас алғаным бар.
Театрдың қуанышы тек қойылыммен шектелген жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен өнер ордасына «Ұлттық театр» мәртебесі берілді.
ИГОРЬ СЕДИН, М.ГОРЬКИЙ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:
Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Биыл театрымызда мерейтой. Бізге 125 жыл толып отыр. Мемлекет басшысының бұл шешімі бізге ерекше қуаныш сыйлады. Бұл еліміздегі ең көне театрлардың бірі, тарихы тереңде жатыр. Халыққа өнерімізбен қызмет ете береміз.
Қойылым соңында көрермендер де өздерінің ерекше әсерімен бөлісіп жатты. Олардың сөзінше, спектакль өнер арқылы өмірдің мәнін аша түскендей дейді.