Перейти к содержимому
· 6 просмотров

Аралдың экожүйесі жақсарып келеді

Технология дамыған заманда ағашты да дронмен еге бастадық. Көшетті біртіндеп отырғызу бір бөлек, ал миллиондаған гектар жерге галофитті орман тұқымдарын көктен себе салатын мүмкіндігіміз бар. Арал оралсын деп, оралмаса, ең құрығанда топырағы оңалсын деп, құрғаған ұлтанына сексеуіл егіп жатырмыз, білесіздер. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, өз бағасын берді.

Елордадан келген тексерушілер алдымен Қазалыдағы орман тұқымбағының жұмысымен танысты. Басты мақсат — Арал теңізінің құрғаған табанында сапалы көшеттерді өсіру. Мұнда жылына 3 млн дана сексеуіл көшет алуға мүмкіндік бар. Мамандар нәтиженің жақсы болуы үшін алабұта тұқымын арнайы, сапалысын қолдап жинаған.

ӘЛІБИ ҒАЗИЗ, «РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОРМАН СЕЛЕКЦИЯЛЫҚ ТҰҚЫМ ӨСІРУ ОРТАЛЫҒЫ» РМҚК БАС ДИРЕКТОРЫ:

Егер де тұқымды тым терең салып жіберсеңіз, ол шығып үлгермей қалады, егер де бетінде қалып қойса, оны жел ұшырып алып кетеді. Сондықтан оны дөп табу керек. Мына жер құм аралас болуы керек. Бұның құнарлығы өте күшті. Төмен қарай әрі кетіп қалса, тұз бар. Агро технология дейміз, соның барлығы дөп келіп, мамандарымыз, жергілікті халық жасайды.

Өсіп шыққан көшеттер мұнан соң Аралға жөнелтіледі. Осы аумақта «Оазис» ғылыми-өндірістік орталығы құрылып, экожүйелерді қалпына келтіру пилоттық жобасы іске асырылып отыр. Әрқайсысы 5 гектарды құрайтын 30 учаскеде жалпы саны 432 500 дана сексеуіл көшеттері отырғызылған.

ЖАНҒАЛИ ЫСҚАҚ, ТІЛШІ:

Арал теңізінің ұлтаны болып саналатын мына аумақ 2016 жылы тап-тақыр жер болған көрінеді. Орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мамандарының ерен еңбегінің арқасында қазіргі таңда сексеуілдердің ұзындығы 3 метрден асып жығылады. Орманшылардың айтуынша, осындай бір түп сексеуіл 4 тоннаға дейін құмды ұстап тұра алады екен.

Екпе және сеппе жұмыстарының алдында мамандар топырақтың агрохимиялық талдауларын алады. Сондай-ақ тұздану мөлшері мен жерасты суларының маусымдық өзгерістері ескеріледі. Барлық жұмыстар заман талабына сай жүргізіледі дейді мамандар.

САМАЛБЕК ҚОСАНОВ, Ә.БӨКЕЙХАН АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ ҚЫЗЫЛОРДА ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Заманауи, осы экономика жағынан тиімді агродрондармен себу жұмыстарын жолға қойдық соңғы екі жылда. Оның бір артықшылығы — ол жұмысты оңайлатады және де жер өңдеуді аса қажет етпейтін дақылдарға өте керемет дүние болып есептеледі. Қазір енді олар алғашқы нәтижесін берді. Біздің эксперименталдық кезеңнен өтті.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері атқарылған жұмыстарға өз бағасын берді.

МАҚСАТ ЕЛЕМЕСОВ, ҚР ЭЖТРМ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ӘЛЕМІ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Өздеріңіз байқап тұрғандарыңыздай, нәтиже керемет! Егу жұмыстарының арқасында табиғат жаңарып келе жатыр. Қолдап өсірілген сексеуілден тұқым ұшып, жан-жағына тарауда. Қайта қалпына келтіру бағдарламасына сәйкес, 2035 жылға дейін жылына 20 мың гектар аумаққа себу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда.

Сонымен қатар әртүрлі бағыттағы тәжірибелік жұмыстар да жүргізілуде. Сексеуілден басқа құрғаған ұлтанға себілетін алты түрлі өсімдікке сынама жұмыстары қойылған. Аталған тәжірибелер Арал теңізінің құрғаған табанында орман екпелерін құрудың тиімді тәсілдерін анықтауға және осы бағыттағы жаңа әдістерді енгізуге өз септігін тигізеді.

← Все новости