Ұядан ұшқан түлектердің ұлан-асыр той жасауына тыйым салынбақ. Мейрамхана-кафе жалдап, банкет залдарында мектеп бітіру кештерін ұйымдастыру енді заңмен шектеледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді. Бүгін Үкіметте оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастырудың тетіктері талқыланды. Ала жаздай асыр салатын жеткіншектердің қауіпсіздігін қатаң қадағалау мәселесі де назардан тыс қалмады. Тіпті жұмыс істеп, ата-анасына қолғабыс қылуына да жағдай жасалмақ.
Тоғыз ай сөмке арқалаған балақайлар тағы бір оқу жылын артқа тастады. Ендігі мәселе — еркіндіктің ауылына аттанған оқушылардың үш ай демалысын тиімді өткізу. Оқу-ағарту министрі атағандай, осы маусымда 11 135 демалыс орталығы жұмыс істейді, олар 3,2 млн балаға сауықтыру қызметін көрсетеді.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
Жазғы демалысты ұйымдастыру жұмыстарына 120 мың педагог-ұйымдастырушы, сондай-ақ 12 мыңнан астам студент пен еріктілер жіберіледі. Олардың біліктілігін арттыру үшін «Балдәурен» және «Бөбек» орталықтарының базасында арнайы оқыту курстары мен семинарлар ұйымдастырылды. Барлық білім беру ұйымдарында балалардың тікелей көмек сұрауына арналған QR-кодтар орналастырылған. Сонымен қатар білім басқармаларының жанынан құрылған колл-орталықтар жазғы демалысқа қатысты азаматтардың өтініштері мен сұрақтарын тәулік бойы қарайды.
Биылдан бастап мектеп бітіретін түлектердің аста-төк шашылуы мен даңғаза іс-шараларына үзілді-кесілді тыйым салынды. Ақ шаңқан лимузиндер, аспанды қақ жарған отшашулар мен мейрамхана жағалаған қымбат кортеждер білім ордасын бітіргеннің емес, дүние-мүлікті шендестіргеннің шеруіндей әсер қалдыратын. Енді міне, осы астамшылық пен бейберекет шашылу үрдісіне тосқауыл қойылмақ. Осылайша түлектердің қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында құқық қорғау органдары бақылауды күшейтеді.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
Мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында бітіру кештерін ұйымдастыруға және заңсыз қаражат жинауға тыйым салынды. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы қабылданды. Әкімдіктер бұл мәселені ішкі істер органдарымен бірлесіп қатаң бақылауда ұстауы өзекті.
Сондай-ақ осы жазда бұқаралық демалыс орындарындағы қауіпсіздікке ерекше назар аударылады. Әсіресе жеткіншектердің су жағалап кетпеуін қатаң бақылауға алу маңызды. Сонымен қатар маусым және шілде айларында ел көлемінде «Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылады. Бұдан бөлек полиция кәмелетке толмағандарға алкоголь мен темекі өнімдерін сататын сауда нүктелерін анықтауға назар аударады.
ЕРЖАН САДЕНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Жаңа талаптар енгізілді. Енді балалар лагерьлері қосымша білім беру объектілеріне жатқызылды. Әкімдіктер оларды қысқа мерзімде өңірлік тізбесіне енгізу қажет. Өз кезегінде ІІМ лагерь қызметшілерін тексеру, полиция қызметкерлерін бекіту, ұйымдастырылған балалар тасымалдауын сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.
БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:
Есесіне, жазғы уақытта еңбек етіп, демалысты пайдалы өткізгісі келетіндерге есік ашық. Елімізде жасы 14-ке толған бала ресми түрде жұмыс істей алады. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мәлімдеді. Асқарбек Ертаевтің сөзінше, бүгінде 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдердің саны 1 жарым млн-нан асады. Соның ішінде 5 мыңнан астам оқушы ресми түрде еңбек етіп жүр екен. Олар сауда, ойын-сауық, демалыс және қоғамдық тамақтану орындарында жұмыс істейді. Басым көпшілігі курьер, сатушы-кеңесші және аниматорлықты меңгерген екен.
АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
Жалпы 14 жастан бастап 18 жасқа дейінгі балалардың ең көп саны Оңтүстік аймақтарда: Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарында және Алматы, Астана, Шымкент қалаларында тіркелген. Оқушылар арасындағы жоғары жұмыспен қамтылғандар мегаполистерде байқалады. Ол республика бойынша жұмыс жасайтын балалардың 59 пайызын құрайды. Себебі ірі сауда-ойын-сауық орталықтарының дені мегаполистерде орналасқан.
Жауапты кезеңді тиісті деңгейде өткізу — барлық мемлекеттік органдар үшін ортақ міндет, деді Олжас Бектенов. Үкімет басшысы мамыр айының соңына дейін балалардың демалыс және сауықтыру орталықтарын толық дайындауды тапсырды. Бұл ретте қауіпсіздікпен қатар, тамақтану мәселесіне басымдық берілуі шарт.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Өңір әкімдіктері, Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері осы аптаның соңына дейін балалардың демалыс және сауықтыру орталықтарының толық дайындығын қамтамасыз етсін. Барлық нысан санитариялық, өрт және терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарына сай болуы тиіс. Тағам сапасын, инженерлік инфрақұрылымның жай-күйін, медициналық қолдау және кадрлармен қамтамасыз ету барысын ұдайы бақылауда ұстаңыздар.
Билік органдары осылайша балаларды жазғы уақытта қорғау мен қолдауға барынша күш салмақ. Алайда ең мықты заң да, ең қатал күзет те отбасының жылуы мен қамқорлығын алмастыра алмайды. Бауыр етіміздің қауіпсіздігіне атқарушы органдар ғана емес, ата-аналар да жауапты екенін естен шығармайық.