Перейти к содержимому
· 5 просмотров

Соңғы қоңыраудағы шоу

Гүл жарыс пен көлік жарыс. Кешеден бері әлеуметтік желі у да шу. Соңғы қоңырау кешінде бұрымдыларға келген құшаққа сыймайтын гүлдер мен қымбат көліктердің додасын көрген жұрт жағасын ұстады. Бұл қайдан шыққан тренд? Бұған тыйым бар ма?

Биыл әр өңірде өткен соңғы қоңырау қимастық пен қоштасу емес, гүлдер шоуы болғандай. Қыздарға келген шоқ-шоқ гүлдер құшақ тұрмақ, газельге әрең сыйды. Енді бірі бойжеткендерге арбаға тиеп алып келген. Санында да шек жоқ. 101 раушан жолда қалып, саны 5001-ге жеткен. Ал кейбіріне гүл аздық етеді деді ме, ата-аналары көлікке дейін сыйлады.

Ал кейбір өңірдегі түлектер қымбат көлікпен кортеж ұйымдастырып жарысуды жөн көрген. Қысқасы, биыл 11 бітірген оқушылардың бұл әрекеті көпшілікке жаққан жоқ. Жалған эмоция мен жасандылық деп сөкті. Тіпті танымал адамдардың өзі мұндай жарысты арзан мақтан деп бағалады.

АЙГҮЛ МҮКЕЙ, ЖУРНАЛИСТ:

Меніңше, бұл талғамның жоқтығы. Тым үлкен букеттер, шыны керек, ақылға қонбайтын әрекет, әдемі де емес. Сәнді әрі жарасымды деп те айта алмаймын.

Ал психолог Жанар Абадиқызы түлектер арасындағы мұндай қадамдар түптеп келгенде оқушылардың емес, ата-ананың қателігі деген пікір білдірді.

ЖАНАР АБАДИҚЫЗЫ, ПСИХОЛОГ:

Бұл ата-аналардың жарысы сияқты. Оны ұйымдастыратын ата-аналар. Ата-аналардың рұқсатынсыз балалар ондай нәрсе жасамайды. Ата-аналар айтуы керек еді. Сыйлықты үйге әкеліп берем. Ата-ана қандай сыйлық берсе де өз құқығы. Баласына үйге әкеліп берсін. Бірақ балам, ол қуанышты күні жетім бала бар, толық емес отбасынан бала бар. Барлық баланың жағдайы мұндай үлкен гүлді көтере бермейді, соны ескерейік деп балаға басқаның көңіліне қарауды үйрететін ата-ана ғой.

Ал кеше Үкімет брифингінде оқу-ағарту министрі бітіру кештерін мектептен тыс жерде тойлауға, даңғазаға айналдыруға тыйым салынғанын еске салды.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Мемлекеттік орган ретінде біз бұл бұйрықты қабылдап отырмыз. Не себепті? Бәрімізге бітіру кештерінде балаларымызға тең мүмкіндік қарастыру, даңғаза, осындай нәрселерге жол бермеуге байланысты. Осы тәртіпті орындау әрқайсымыздың жауапкершілігіміз деп айтқым келеді. Ата-аналарды да, осындай кештерді ұйымдастыратын ата-аналарды да осы тәртіпке бағынуға шақыратын едім.

Әрине, түлектердің бәрі мақтан қуып кеткен жоқ. Игі іс атқарғандары да бар. Мысалы, алматылық түлектердің бірсыпырасы бағалы көліктер жарысы мен құшақ-құшақ гүлдің орнына қайырымдылық жасады. Онкологиямен ауыратын балалар мен бүлдіршіні аутизмге шалдыққан отбасыларға көмек көрсетіп, алғыс алды.

Ал баянауылдық балалар Мұхтар Шахановтың «Ақ бантик» әнін орындап, ақынның рухын қайта оятқандай болды. Әуезді әуен осылай соңғы қоңыраудың әнұранына айналды.

Не десек те, биылғы түлектердің әрекеті біразға дейін көптің аузынан түспейтін әңгіме болғалы тұр. Бастысы, білім додасында да дәл осылай көштен қалмай, бәсеке қалыптастырса дейміз.

← Все новости