Перейти к содержимому
· 7 просмотров

Көкжайлау жылына 1 миллиард теңге табыс әкеледі

Алматыда Көкжайлау шатқалындағы Almaty Superski тау курорты жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Талқылауға мемлекеттік орган өкілдері, экологтар, ғалымдар, қызметі таумен қатысты барлық сала өкілдері қатысты. Мамандар бұл Алматыны халықаралық тау туризмі орталығына айналдыруға мүмкіндік беретін жоба екенін айтады. Дегенмен кей мамандар ол қоршаған ортаға залал келтіруі ықтимал деген пікірде. Жаңа курорт қандай болады, оның ерекшелігі неде?

Көкжайлау шатқалындағы жаңа тау шаңғы курорты 1000 гектардан астам жерде орналасады, оның тек 20 гектары ғана құрылысқа арналған. Қалған аумақта жаяу жүргіншілер жолдары мен шаңғы трассалары орналасатын болады. Жоба жүзеге асатын болса, Almaty Superski курортына күн сайын 15 000-ға дейін адам келеді деп күтілуде.

АИДА БАЛАЕВА, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ — АҚПАРАТ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ МИНИСТРІ:

Көкжайлау аумағы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрамынан шығарылмайды және ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін толық сақтайды. Жоба жеке коттедждер мен виллаларды салуды көздемейді. Бұл барлық кезеңде қатаң сақтауға тиіс принципті ұстаным. Жоба экологиялық талаптар толық орындалған жағдайда іске асырылуы мүмкін.

Сарапшылар Алматыға жаңа туристік инфрақұрылым қажет деп санайды. Өйткені еліміздегі ұлттық табиғи парктерге келетін саяхатшылар қатары өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға артқан. Ал көршілес мемлекеттер шетелдіктерді тарту үшін курорттар қатарын көбейтуге күш салуда. Мамандар жаңа жоба барлық келушілерге қолжетімді болатынын айтады.

ЕРЖАН ЕРКІНБАЕВ, KAZAKH TOURISM DEVELOPMENT КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Almaty Superski бұл — әлеуметтік желілерде жазғандай бай, қуаттыларға арналған элитарлық курорт емес. Бұл қоғамның әр тобына арналған қолжетімді, әрі заманауи локация. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін еш кедергісіз келе алатын, тіпті бұрын ешқашан шаңғымен сырғанамаған адамдарға арналған инфрақұрылым.

Тыңдау барысында кейбір қатысушылар Алматы маңында бірнеше ірі тау шаңғы курортының жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Алайда сарапшылар қолданыстағы инфрақұрылым туристер ағынының артуына төтеп бере алмай жатқанын жеткізді. Мәселен, Шымбұлақ 6 мың адамға арналса, демалыс күндері келушілер қатары 15 мыңға дейін жетеді екен. Ал тау туризмі жағажайға қарағанда 5-6 есе пайдалы екен.

СЕРІК ЖАРАСБАЕВ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Экономикаға жаңадан салынған Almaty Superski курорты жалпы бір миллиардқа дейін өзінің қаражаты есебінен тартуы мүмкін. Неге десеңіз, себебі оның бір күніне 15 мың турист, спортшылар өтетін болса, ол ең жоғары, олар бәрі өтіп жатса, жылына бір миллиард теңге тартуы мүмкін.

Сонымен қатар Көкжайлау төңірегіндегі негізгі пікірталас қоршаған ортаға келетін залал төңірегінде болды. Жобаны әзірлеушілер курорттың халықаралық экологиялық стандарттарға сәйкес салынатынына тоқталды. Осы мақсатта олар Альпі тауларында жұмыс істеу тәжірибесі бар еуропалық мамандарды да жұмылдыруды жоспарлап отыр.

АРМАНЖАН БАЙТАСОВ, КӘСІПКЕР:

Менің ойымша, экономикалық жағынан тиімділігі жоғары болады. Өйткені туристер Германиядан немесе Англиядан келетін болса, олар міндетті түрде біздің мұражайларымыз бен театрларымызға барады. Қала көшелерінде серуендеп, мейрамханалардан тамақтанады. Мұның бәрі Алматы экономикасын көтереді.

Егер жоба жүзеге асырылса, Алматы Орталық Азиядағы ең ірі тау туризмі орталықтарының біріне айналуы мүмкін. Жоспар бойынша жаңа курортты 2028 жылдың соңына дейін салып бітіру көзделуде.

← Все новости