2,3 млрд доллар. Соңғы 3 жылда «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында ұл-қыздарға осынша көлемде қаражат бөлінген. Үкіметтің дерегінше, елімізде 7 млн-ға жуық бала бар. Бағдарлама шеңберінде 18 жасқа толмағандардың әрқайсысына жыл сайын қордың 50 пайыз инвестициялық табысы аударылады. Мәселен, 2024 жылы бір балаға 100 доллардың шамасында бөлінген. 2025 жылы қаржы көлемі сәл өсіпті, яғни 129 долларға жеткен. Ал биыл әр балаға 130 доллардан бөлінбек. Бұл біздің ақшаға шаққанда 62 мың 900 теңге. Осылайша, қазақстандық балалардың дербес шотына 900 млн долларға дейін қаржы аудару жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, балалары бар отбасыларды қолдауға да жан-жақты көмек көрсетілуде. Мәселен, биыл әлеуметтік бағытқа 974 млрд теңге қарастырылуда екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға көп. Бөлінген қаражат баланың дүниеге келуінен бастап кәмелетке толғанға дейінгі кезеңін қамтиды. Айта кету керек, көпбалалы аналар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар және мүгедектігі бар балаларды қарап отырған отбасыларды қолдау шаралары да жалғасып жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске қосылған «Қазақстан балалары» жобасы да қарқынды жұмыс істеуде. Бағдарлама 160-қа жуық іс-шараны қамтиды. Жобаларға бас-аяғы 1,3 трлн теңге қарастырылыпты. Негізгі бағыттар – білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және қауіпсіздік шараларына арналған.