Перейти к содержимому
· 3 просмотра

Әл-Фарабидегі жол апаты: зардап шеккен екі отбасы кешірім берді

Алматының әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сот жалғасуда. Бүгінгі процесте жақындарынан айырылған екі отбасы кінәлі жүргізушіні кешіргендерін мәлімдеді. Марқұмдардың туыстарының айтуынша, ол моральдық және материалдық шығындарды толық өтеп, жасаған ісіне өкініш білдіріпті. Сондықтан оны бас бостандығынан айырмауды, мүмкіндігінше шартты жаза тағайындауды сұрады. Ал жәбірленген үшінші тараптың ұстанымы әзірге белгісіз. Олардың жауабы 8 маусымға белгіленген сотта белгілі болады. Бұған дейін алдын ала тыңдалым кезінде күдікті өз кінәсін толық мойындайтынын мәлімдеген еді.

СОТТАЛУШЫ:

Құрметті Еламанның, Құмардың және Теңіздің туған-туыстары! Ешқандай сөзбен де, ешқандай әрекетпен де жақындарыңызды қайтара алмайтынымды түсінемін. Мен әр отбасыға орны толмас қайғы әкелдім. Өз әрекетіме ешқандай ақтау іздемеймін. Ештеңе күтпеймін және ештеңеден үміттенбеймін. Заң аясында тағайындалатын кез келген жазаны қабылдауға дайынмын. Тек бостандыққа шығып, отбасыларыңызға қолымнан келгенше көмектескім келеді. Өзімді ешқашан кешірмеймін және бұл қайғыны ұмытпаймын. Мені кешіріңіздер.

Еске салайық, әл-Фараби даңғылындағы атышулы жол-көлік оқиғасы биыл 21 наурызда түнде болған еді. Мас күйде қытайлық қымбат көліктің тізгініне отырып, қатты құйғытқан ер адам қарсы бағытқа шығып, Mercedes-пен бетпе-бет соқтығысқан. Апат салдарынан өз жолымен келе жатқан темір тұлпардың жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Тергеу барысында кінәлі жүргізушінің көлікті сағатына 219 шақырым жылдамдықпен айдағаны анықталыпты.

← Все новости