Елорда аспанында бүгін балалық шақтың әуені қалықтап, орталық саябақ нағыз спорттық думанның бесігіне айналды. Мерекеге орай ұйымдастырылған марафон бес жүзге жуық кішкентай желаяқтың басын қосты. 6 мен 15 жас аралығындағы бүлдіршіндер сырғанақ тас жолда шаршауды білмей, 300 метрден бір шақырымға дейінгі қашықтықты бағындырды. Мәреде әрбір қатысушыны жеңіс тұғыры мен жарқыраған медальдар күтіп алды. Бақыттан жүздері бал-бұл жанған балақайлардың қуанышы мен саябақтағы дүбірлі доданың қызықты сәттерін әріптесіміз Үсен Астана көріп қайтты.
ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:
Күн шуағымен көмкерілген 1 маусым мерекесі Астанада өзгеше сипат алды. Елордалық балалар бұл күнді балмұздақ жеп қана емес, нағыз спорттық думанның ортасында қарсы алуда. Орталық саябақтың шаңғыроллер тас жолы бүгін дүбірлі доданың куәсі болып отыр. Мұнда жиналған жүздеген бүлдіршін «Kids Run» марафонында өз бақтарын сынап, балалық шақтың жарқын сәттерін жеңіспен таспалауда.
Биылғы мереке тек шоу-бағдарламалармен ғана шектелмеді. Ұйымдастырушылар балалардың денсаулығы мен белсенді демалысына ерекше мән берген. Сондықтан да бас қаланың төрінде алғаш рет ауқымды балалар марафоны жалауын желбіретті. Сөре сызығына тұрған кішкентай желаяқтардың жүзінен қобалжу емес, үлкен құлшыныс байқалады. Олардың арасында спортты отбасылық дәстүрге айналдырғандар да аз емес.
КӘУСӘР СЕРІК, ОҚУШЫ:
Бүгін осы паркке келіп 1 километр жүгірдік. Негізі бұлай жүгіруге көп қатыспайтын едім, бірақ жанұям арқылы көптеген осылай жарыстарға қатысып жүрмін. Мысалы, өткенде отбасымызбен 5 километр жүгірдік, сол маған шабыт берді.
Салауатты өмір салтын серік еткен бүлдіршіндерге мәре сызығында арнайы медальдар мен тәтті сыйлықтар үлестірілді. Алайда балалар үшін ең үлкен марапат – ата-анасының қолдауы мен бірге өткізген бақытты сәттері. Баласының әрбір қадамына тақым қысып, жанкүйер болған ересектер де бүгінгі шараның тәрбиелік мәні зор екенін айтады.
АСЛАН БАЙМАҒАНБЕТОВ, АТА-АНА:
Осылай балаларымызды спортқа баулып, алға қарай еліміздің мықты азамат, азаматшалары болып тәрбиеленуіне атсалысайық. Қазақ елі жасасын. Бүгінгі мероприятие осымен тоқтамайды, әрі қарай қыдыртып, демалтып жүруге тілектеспін.
Расымен де, бұл думанның балалар үшін жөні бөлек. Мерекелік марафонды жоғары деңгейде ұйымдастыруға қалалық спорт басқармасы да барынша ат салысқан. Ең бастысы – бұл игі бастама алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
ЕРЖІГІТ ӨСЕПБАЙ, ҚАЛАЛЫҚ СПОРТТЫҚ-БҰҚАРАЛЫҚ ІС-ШАРАЛАР ДИРЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бүгінгі іс-шараны бірінші рет өткізіп жатырмыз. Спорттық іс-шараны жыл сайын ұйымдастырамыз. Енді бұдан кейін жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Жаз бойы, балалар каникулда, жаз уақытында дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз.
Балалардың жазғы каникулы осылайша серпінді әрі пайдалы басталды. Саябақтағы мерекелік шаралар мен түрлі ойындар кешке дейін жалғасады. Ал бүгін алғашқы жеңіс тұғырынан көрінген бүлдіршіндер бұл күнді ұзақ уақытқа дейін ұмытпасы анық.