Ақтөбеде туристік фирмаға алданып қалғандар көбейіп барады. Жәбірленушілердің айтуынша, шетелге демалуға жолдама алғанымен, сапарлары болмай, ақшалары да қайтпаған. Бағыттардың географиясы ауқымды болған. Ал шетелге демалысқа шыға алмай қалдық деп отырған жалғыз ақтөбеліктер емес, өзге өңірдегілер де қыруар қаражатқа жолдама алған.
ГАУҺАР МАРАТҚЫЗЫ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Тур Маврикий – Индия мемлекеттеріне. Авторлық тур болатын. Не билет жоқ, не тур жоқ деп жаздым. Содан кейін олар маған: «Кешіріңіз, сіздің турыңыз отмена болды, өйткені адам саны жиналған жоқ», деді. Ешқандай возврат болған жоқ. Мен азаматтық тәртіппен сотқа бердім. Бізде онлайн тәртіпте сот болды. Байланысқа шыққан жоқ. Судьяны даже игнорировать етіп отыр, қашып отыр жауаптан.
ЭЛИНА БАҚЫТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Қаңтар айында наурызға деп алынған тур болды. 4 адамға Мальдивке. 1 млн 600-ге шықты. Көп жағдайда «сервер жұмыс істемей жатыр, біздер атсалысып жатырмыз, мені блоктап тастады» деген неше түрлі жағдайларды айтады бізге. Талабымыз – ақшамызды қайтарсын бізге.
Жолдамасы да, қаражаты да желге ұшқан жәбірленушілер шарасыздықтан құзырлы органдардың бәріне шағым түсіріп жатыр. Полицейлер жиырмадан астам адам арызданғанын айтты. Тағы бір белгілі болғаны, ақтөбелік кәсіпкер тек шетелге саяхатты ұйымдастырып қана емес, ішкі туризммен де айналысқан екен. Алайда шағым көбейген соң жауаптылар оның үстінен сотқа арызданыпты.
ДӘУРЕН ЕРБОЛАТҰЛЫ, АСТАНА АУДАНЫ №1 ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
190-бап 3-бөлік 3-тармағымен қылмыстық іс қозғалды, қылмыстық іс тергелуде.
МАНАТ ТАЙПАҚОВ, «VISIT AQTÖBE» ТУРИСТІК-АҚПАРАТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Visit Aqtöbe-ге және Спорт және туризм басқармасына жалобалар түсті. Сол себепті біз сотқа шағым түсірдік. ИП Аймұратов бойынша 26 ақпан 2026 жылы ол кісінің экономикалық сот арқылы лицензиясы жойылды. Ішкі туризммен айналыса алмайды.
Мамандар кілтипаны бар туристік фирмаларға тап болмас үшін оның мемлекеттік электронды реестрге енгізілгенін тексеру қажеттігін ескертеді.