Перейти к содержимому
· 9 просмотров

Амнистия: айыппұлдар кешіріліп, шоттар бұғаттан шығарылады

Амнистияның арқасында 1 миллион 470 мың төленбеген айыппұл кешіріледі. Бұл дегеніміз бақандай 21 млрд теңге. Елімізде тұңғыш рет жасалғалы отырған әкімшілік рақымшылықтың шапағатын 500 мыңнан астам адам мен 2 мыңнан астам бизнес субъектісі көретін болды. Бүгін Мәжіліс отырысы осындай ақжолтай жаңалықтан басталды. Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты «Қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жасау туралы» заң жобасы мақұлданды. Ең алдымен түрлі себеппен есеп-шоты бұғатталып қалған жандар бөркін аспанға атқалы тұр. Сондай-ақ олар жеке сот орындаушының ақысын төлеуден де босатылады.

ҚАЙРАТ БАЛАБИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында рақымшылық жасау актісі қолданылған жағдайда атқарушылық іс жүргізуді тоқтату негіздері көзделеді. Бұл нормалар азаматтарға сот орындаушысына жүгінбестен мүліктен және банктік шоттардан шектеу шараларын алып тастауға мүмкіндік береді. Рақымшылық актісі негізінде атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған жағдайда, азаматтар атқарушылық санкцияларды төлеу және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу қосымша шығыстардан босатылатынын қосымша атап өткен жөн.»

Ал қылмыстық рақымшылыққа 16 жарым мың адам ілігеді. Демек, бұлардың жазасы жеңілдейді. Бұдан бөлек, тағы мың жарым адам бостандыққа шығуы мүмкін. Алайда аса ауыр қылмыс жасағандарға бұл норманың қатысы жоқ.

АБЗАЛ ҚҰСПАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, рақымшылық аса қауіпті қылмыстар жасаған адамдарға, атап айтқанда: сыбайлас жемқорлық, террористік және экстремистік қылмыстар, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар, азаптаулар жасағандарға, қылмыстардың қайталануы кезінде, қоғамдық қауіптілігі жоғары деңгейдегі қылмыстар, жақында криминализацияланған іс-әрекеттер жасағандарға, сондай-ақ сырттай сотталған адамдарға қолданылмайды.

← Все новости