Перейти к содержимому
· 13 просмотров

Рәміздер мемлекеттігіміздің мызғымас үштағаны

Елтаңба – елдігіміздің айшықты белгісі. Әнұран – азаттығымыздың айбынды үні. Көк Туымыз – Тәуелсіздік тұмары. Рәміздер күніне арналған салтанатты жиында Қасым-Жомарт Тоқаев төбемізге көтеріп, қадір тұтатын нышандарымызды мемлекеттің мызғымас үштағаны деп атады. Ту көтеру рәсімінде сөз сөйлеген Президент мемлекетімізді құрметтеу – ұлттың басты белгілерін ұлықтаудан басталады деді. Ол әр азаматтың конституциялық парызы. Өз сөзінде Мемлекет басшысы таяу арада Үкімет мемлекеттік рәміздерді орынды пайдалану мәселесі бойынша қаулыға қажетті түзетулерді енгізетінін жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз биыл Тәуелсіздіктің 35 жылдығын атап өтеміз. Бұл тарихи кезең жүріп өткен жолымызды жан-жақты терең талдауды және болашаққа стратегиялық жоспар құруды мұқият ойластыру тұрғысынан үлкен мәнге ие. Аталған мерейлі датаны қажырлы еңбекпен және нақты нәтижелермен қарсы алуымыз керек. Биыл тұтас еліміз үшін ауқымды өзгерістерге толы жыл болып отыр. Қазақстан қоғамдық өмірдің барлық саласында соны серпіліске ұмтылған ел ретінде орнықты дамудың даңғыл жолына түсті.

Мемлекет басшысы жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Ата заңның артықшылықтарына тоқталды. Басты құжат Қазақстанды әлемдік өркениеттің жаңа белестеріне жетелейді. Технологиялық жетістіктер, саяси дүрбелеңдер, әскери қақтығыстар белең алып жатқан дәуірде Конституцияның жол нұсқаушы темірқазық ретіндегі маңызы еселене түседі.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Еліміздің бас құжаты – Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Тамыз айында бір палаталы Құрылтай сайлауы өтеді, ал қыркүйекте Қазақстан Халық кеңесі құрылады. Осылайша, біз ауқымды өзгерістер кезеңіне аяқ басамыз. Қазірдің өзінде халқымыздың болмысы, құндылықтары, сана-сезімі, тіпті дүниетанымы өзгеріп жатыр. Азаматтарымыздың басым көпшілігі заңға құрметпен қарау, қоғамдық тәртіпті нығайту стратегиясын қолдайды, сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысады.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тыныштығын күзеткен сарбаздардың Отан алдындағы мінсіз қызметіне тоқталды. Іс-шара аясында Президент әскери оқу орындарының үздік түлектеріне салтанатты түрде «аға лейтенант» шенін тапсырды.

← Все новости