Перейти к содержимому
· 6 просмотров

Ақтөбеліктер тобықтан су кешіп жүр

Ақтөбенің аспаны тесілді ме? Қаланың көшелері қазір жүруге емес, құдды бір жүзуге арналғандай. Кешеден бері коммуналдық қызметтер жаңбырдың суымен алысып әлек. Шаһардағы ағайын апокалипсис келгендей алаң-елең. Нөсердің толастайтын түрі жоқ. Көшелерде автокөлік емес, қайық сайлап, ескек тартатындай картина қазір. Ақтөбедегі ахуалды Ақбаян Сұлтанмұратова баяндайды.

АҚБАЯН СҰЛТАНМҰРАТОВА, ТІЛШІ:

Жауын-шашынға байланысты кешелі-бері Ақтөбеде коммуналдық қызметтер тәуліктік кезекшілікке көшті. Нөсер басылар емес. Біз тұрған Нокин даңғылының бір бөлігінде екі сағатқа көліктердің қозғалысына шектеу қойды. Қазір бұл жерде су сору жұмыстары жүріп жатыр. Ал жолдың осы тұсында полицейлер кезекшілік етіп тұр.

Ақтөбенің аспанын қою қара бұлт торлап, оқтын-оқтын жаңбыр құйып тұрғанына екі апта болды. Бірақ дәл кешегі нөсер тұрғындардың әбден берекесін алды. Қаланың қай бөлігіне бармасаң да, осындай көрініске куә боласың. Жер-жерде тобықтан асатын су жиналып қалған. Шелектеп жауған жаңбыр тіпті арнайы техниканың өзін үлгертпей жатыр.

ТАЛҒАТ НАУРЫЗОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ:

Қазіргі таңда екі ауысыммен 110 ассенизатор машинасы жұмыс жасайды және 5 сорғы станциясы қосылды. Сонымен қатар су төгетін 30 орын бекітілді. 130 мың куб су шығарылды.

Ақтөбеде көлігі барлар бұл күндері жүрген жоқ, кеме секілді жүзді деуге болады. Өйткені кейбір көшелерде жаңбырдың суы асфальттың бетіне жайылып, кей жерінде кілкіп тұрып алды. Жаяу жүргіншілердің халі тіпті мүшкіл. Аяқтары су-су болып, діттеген жеріне жете алмады. Мезі болған жұрт нөсердің суы суағармен ақпаса, оның пайдасы қане деп отыр.

РЫСКҮЛ БАҚБЕРГЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

TikTok-та әкімдік қайда, қайда қарап отыр деп жатыр ғой. Жеткізе алмай жатқан шығар машинаны. Не істеу керек деп ойлайсыз қала суға кетпес үшін? Анадай арық па, бірдеңе қазады ғой екі жақтан. Ана Ақтан Керейұлында былтыр қазып істеді. Енді сол толып, жаяу жүргінші жолын жауып жатыр. Өте алмадым жаңа. Баяғы 77-жылдары арықтар болып еді. Сол жоқ болып кетті ғой. Студент кезімізде болды, решеткамен су ағып жататын еді. Қазір жоқ сол.

Атқамінерлерді тыңдасаң, олар синоптиктердің сөзіне сүйенеді. Үш аптада жарты жылда жауатын жауын-шашынның мөлшері түсіпті. Мысалы, бір айлық нормасы 30 миллиметр болса, соңғы үш тәулікте 23 миллиметр жауған. Сондықтан оқтын-оқтын жауған жаңбырда сору жұмыстары үлгертпей жатыр. Тек бір тәулікте ахуал орталығына тұрғындардан 1500 өтініш түскен.

ЖАНАР БАЙКЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Ливневка керек. Өйткені су жиналып қалады. Бұрын бізде үйлерді салған кезде тротуармен бірге ливневканы салған, родник жүру үшін. Осы күндері әкем архитектор болғаннан кейін сол кісі айтады, қазір қарастырылмаған. Содан соң осылай енді.

Жаңбыр мұнымен бітпейді. Ақтөбеліктерге тағы бір апта қолшатырын қолынан тастамағаны абзал. Синоптиктер алдағы аптада нөсер жауын болып, тек маусымның ортасына таман 40 градус аптап болуы ықтимал деп болжап отыр.

← Все новости