Перейти к содержимому
· 6 просмотров

Жетісайлықтардың асты суланып жатыр

Венецияда емес, Жетісайда тұрса да, үйлері судың үстінде шіри бастаған бұқара арнамызға арызданды. Отыз жылдан бері жертөледегі ылғалдан әбден зәрезап болған ағайынның амалы құрыған. Жыл сайын жасаған жөндеу жұмыстарынан қайыр жоқ. Қабырғалары көгеріп, іргетасын үгітіп барады. Сонда су қайдан шығып жатыр? Аймақтағы тілші Ғалымжан Кенжебек жағдайды өз көзімен көріп, халықпен тілдесіп қайтты.

Жетісай қаласындағы үйлердің жертөлелерінің қазіргі сыйқы осындай. Әсіресе көктем, жаз мезгілінде аузы-мұрнынан шығып кететін су тұрғындарды 30 жылдан бері мезі етіп келеді. Себебі шағын шаһардағы дренаждар істен шығып, осындай келеңсіз жағдайға жеткізіпті. Қазір тұрғындар өздері судың тереңдігін өлшеп, арасында амалсыздан өз қаржыларына сорғызып тұрады екен. Бірақ оның пайдасы шамалы.

ЕЛАМАН ЖҰҚАБАЕВ, ЖЕТІСАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Союз тарағаннан кейін дренаждар құрыды ғой. Содан кейін жатыр ғой, су бәрі. Содан бері жатыр ғой. Астының бәрін алып кеткен отопление болған, су болған, ол трубалар қалмаған астында. Бұрын дренаж істеп тұрғанда бұндай су жоқ еді.

Әрине, үйлерінің асты су толғаннан кейін пәтердегі қабырғаларына сызат түсіп, үгітіліп жатыр. Онсыз да ескі баспаналарын жамай беруден шаршаған тұрғындар қазір қып-қызыл шығынға батып жатқандарын айтады. Оның үстіне жертөле бір құрғамағандықтан маса көбейіп кетіпті. Шіркейді өлтіріп әбігерге түскендер енді үйлерінде масахана тұтып жатудан басқа амалдары қалмапты.

АСҚАР ӘБУЕЕВ, ЖЕТІСАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Былтыр еуро істеттік. Бір жыл болды ма, жоқ па? Мынау түрі, бәрі құлап жатыр шетінен. Қашанғы істетіп, ақшамызды желге шашамыз? Осы фундамент отырған соң, мына едендер көтеріліп кетті. Фундаменттің асты бәрі шөгіп жатыр. 30-40 см төменге түскен мынау.

60 жылдай болған үйлерінің мәселесі мұнымен бітер емес. Жаңбырлы маусымда төбелерінен су сорғалап, мазаларын алады. Салдарынан төбелері сарғайып, көгергеннің иісі кетпейді. Астынан да, үстінен де тоқтаусыз су өтетіндер үйлерін тастап безіп кетейін десе, баратын жеріміз жоқ деп отыр. Ал дуалдары қақырап жатқан пәтерде үреймен күн кешуде.

РАУШАН ҚҰМАРБЕКОВА, ЖЕТІСАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Түнде ұйықтап жатқанда сықырлайды. Жер қимылдайды, жер қимылдаған соң сықырлап, үрейленіп отырамыз. Астында қалып кетеміз бе тағы деп.

Жетісай қаласында 133 көпқабатты үй бар екен. Соның басым бөлігінің асты суға толып жататын көрінеді. Ал оны сорып алу үшін шаһардағы 7 дренаждың 4-еуі жұмыс істеп тұрса, қалғандары жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Тұрғындар тығыз орналасқан аумақта тік дренажды ұңғыма қазылып, енді насосын орнатып, 10 күннің шамасында іске қосамыз деп уәде берді жауаптылар.

НҰРЛЫБЕК БАҚТИЯРОВ, ЖЕТІСАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Дәл қазіргі бір шешім осы – тек тік дренаж арқылы жерасты суын түсіру. Одан басқа шешім жоқ. Бұрындары болған терең канал қазып, қаладан су шығару – ол дренажға дейінгі болған технология. Ал жаңа тұрғындар айтып жатыр, подвалдағы суды насос арқылы неге тастау деп. Ол дұрыс емес шешім. Себебі оны тартқан сайын жертөледегі жерасты суларының каналдары ашыла береді. Ол бүгін тартасың, ертең таңертең дәл сондай болып тұрады.

Шаһардағы жарамсыз болып қалған дренаждарды ретке келтіру үшін бюджеттен қаржы сұратылыпты. Ал қысы-жазы асты суға толып тұрған үйлерді апатты немесе апатты емес екенін білу үшін экспертиза тағайындалады дейді. Бірақ нақты уақытын айта алмады. Тұрғындар енді шенеуніктер берген уәдесінде тұрып, дренажды іске қосып беруін тағы да шегелеп айтып жіберді.

← Все новости