Перейти к содержимому
· 5 просмотров

LRT-ның қадірін білмей жүрміз

Жылдап күткен LRT-ның тоз-тозын шығаратын түріміз бар. Жүрдек пойызды ойланбай бүлдіретіндер мен тәртіп сақтамай күйдіретін көп. Жерүсті пойызына өле мас күйінде мінуге ұмтылып, қызметкерлердің мазасын қашырғандар да болыпты. Келеңсіздіктерді болдырмау үшін полиция қызметі тәулік бойы бекеттер мен пойыздарда кезекшілік атқарып, қоғамдық тәртіпті күзетуге көшкен. Әріптесім Қуат Құдайберген погондағылармен бірге профилактикалық шараға қатысты. Сюжетін көрейік!

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Астаналықтар LRT қызметін пайдаланып жүргеніне бір айдан асса да, қауіпсіздік талаптарын толық біле бермейтіндер әлі де бар. Сондықтан полицейлер мен сала мамандары станциялар мен пойыз ішінде түсіндірме жұмыстарын тоқтаусыз жүргізіп келеді. Тәртіп сақшылары жолаушыларға қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын ескертіп, төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керектігін түсіндіруде.

ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Әр составта полиция қызметкерлері бар. Егер де ұялы телефон, заттарыңызды ұмытқан жағдайда жүгінсеңіздер болады. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтаңыздар. Біздің басты мақсатымыз – сіздердің қауіпсіздіктеріңіз!

Тәртіп сақшылары құнды заттарды қараусыз қалдырмау жайлы бекер ескертіп жүрген жоқ. Өйткені күн сайын орта есеппен осындай 10 дерек тіркелетін көрінеді. Бірі – сөмкесін, бірі – ұялы телефонын, енді бірі – бағалы бұйымдарын ұмытып кетеді. Жарайды, дүние-мүлік өз алдына. Бірақ адам қауіпсіздігін ештеңемен өлшеу мүмкін емес. Сондықтан полицейлер жолаушыларды пойызға мініп-түсу кезінде, әсіресе есіктер ашылып-жабылған сәтте абай болуға шақырады.

ЕРЛАН СЕҢГІРБАЕВ, ҚР ІІМ КӨЛІКТЕГІ ПД LRT ОБЪЕКТІЛЕРІНДЕГІ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Дер кезінде адамдардың барлығын максималды кіргізуге тырысамыз. Уақыттың тығыздығына байланысты. Әсіресе ата-аналар жас балаларын қараусыз қалдырмауын ескертеміз. Есік 30 секунд ашылады. Сол кезде үлгеріңіздер. Сегіз составта 8 есік бар. Бір есікте барлығы шоғырланбай, бөлініп тұрыңыздар.

Жалпы LRT нысандарында қоғамдық тәртіп пен жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күн сайын 100-ден астам патрульдік полиция қызметкері жұмылдырылады. Олар бекеттер мен жүрдек пойыздарды тұрақты бақылауда ұстап, құқық бұзушылықтардың алдын алуға дайын тұрады.

ЕЛАМАН ӘБДІҒАЛИ, ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ РОТАСЫНЫҢ ВЗВОД КОМАНДИРІ:

Сіздер күндіз-түні осы жерде жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етесіздер ме? Дәл солай, біз қызметке түскеннен бастап, қызмет біткенге дейін осы LRT объектілерінде, сонымен қатар жеңіл жүрісті көліктердің ішінде азаматтардың қауіпсіздіктерін қамтамасыз етіп, қылмыстарды болдырмау, азаматтардың өтініші бойынша барлық көмекті көрсетеміз.

Қоғамдық көлік іске қосылған алғашқы күндері-ақ жарты жолда тоқтап қалған еді. Кейін мәселе техникадағы ақауда емес, жолаушылардың салғырттығынан болғаны анықталды. Кейбір азаматтар вагон ішіндегі не болса соны басып, әбден бүлдірді. Тіпті ішіп-жегендерін ішке тастап кеткендер бар. Десе де, кінәлілер жазадан құтылмады. Полиция департаменті дереу оларды анықтап, шара қолданыпты. Сондықтан алдағы уақытта мұндай бейберекет әрекеттерге жол бергендер жауапкершіліктен жалтара алмайды. Өйткені нысанның әр бұрышы бейнебақылау камераларына толып тұр.

ТЕМІРЖАН РАМАЗАНОВ, ҚР ІІМ КӨЛІКТЕГІ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Біздің басты міндетіміз – жазаға тарту емес. Оларға түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Оларды ескертеміз. Ол ескертпені түсінбей, сондай бұзақылықтарға жол беретін болса, онда Әкімшілік құқық кодексінің талаптарына сай жазаға тартылатын болады.

Астаналықтар сарыла күткен LRT 16 маусымда халық игілігіне берілді. Содан бері ол 1 миллионнан аса жолаушыны тасымалдап үлгеріпті.

← Все новости