Перейти к содержимому
· 14 просмотров

Мемлекет халыққа қандай қолдау көрсетеді?

Қымбат отадан тегін грантқа дейін. Үкімет Президент тапсырмасына сәйкес, халықтың әл-ауқатын қалай жақсартып жатқаны жайлы есеп берді. Бүгінде зейнетақыны 2,5 млн-ға жуық адам, ал мүгедектігі бойынша жәрдемақыны 545 мың тұрғын алады екен. Пациенттерге құны ондаған миллион теңгелік жоғары технологиялы операциялар тегін жасалып жатыр. Жыл сайын туа біткен аурулары бар шамамен 1,5 мың нәрестеге және жүрек-қантамыр жүйесінің туа біткен ақаулары бар балаларға 2 мыңға жуық ашық ота өткізіледі. Ана өлімі алты есе, сәби өлімі 4,5 есе төмендепті. Ал бала өмірге келгенде 164 мыңнан 272 мың теңгеге дейін төленеді. Ерекше перзенті барлар ай сайын 82 мың теңге көмек алады.

Білім саласында да жаңалық көп. Соңғы жылдары өңірлерде 1200-ден астам мектеп салынып, үш ауысымда оқитындар саны бірден 4 есе қысқарған. Ал ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы іске қосылғалы балабақшадағы кезек 9 есе азайыпты. Жастарға берілетін грант саны мен шәкіртақы көлемі артып келеді. «Болашақ» бағдарламасының ауқымы кеңейіп, жас зерттеушілерге «Жас ғалым» жобасының гранттары мен тұрғын үй бағдарламалары қарастырылған.

← Все новости