Перейти к содержимому
· 8 просмотров

Пржеваль жылқысы атамекеніне жеткізілді

Қостанай әуежайы таңнан бері абыр-сабыр. Қалаға Германиядан ат терлетіп ерекше қонақтар келді. Елімізге Пржеваль жылқысының кезекті легі жеткізілді. Айдың басында Чехиядан кертағының 4 аталығы әкелінген еді, енді Германиядан 4 бие жетіпті. Жабайы жануарлар тиелген әскери ұшақтың дәл осы өңірге қонуы тектен-тек емес. Торғай даласы бұл сирек кездесетін жылқылардың ежелгі мекені болып есептеледі.

ЛЕНКА ПОЛИАКОВА, ПРАГА ХАЙУАНАТТАР БАҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Прага хайуанаттар бағы осы жануар түрін тарихи мекеніне жеткізу үшін бар күшін салып келеді. Жалпы, осы жоба аясында Қазақстанға 40 жылқы әкелу жоспарланған, қазір 22-сі жеткізілді. Бұл бағдарлама 5 жыл бойы жүзеге асады. Бәрі жоспар бойынша болса, жергілікті популяцияны дамыта аламыз деп ойлаймын.

Кертағы бірден арнайы көлікпен «Алтын дала» табиғи резерватына жөнелтілген. Мамандардың сөзінше, жабайы жылқылардың біздің табиғатымызға бейімделуі үшін кемі 2 жыл қажет.

ДАНИЯР ТҰРҒАМБАЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРЛІГІ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұл біз үшін тарихи оқиға. Бұл жылқылар қазақ даласында кең таралған болатын. Бірақ кейін табиғатта мүлдем жойылып кетті. Біздің басты мақсатымыз – осы жабайы жылқылардың табиғаттағы популяциясын қалпына келтіру.

← Все новости