Перейти к содержимому
· 10 просмотров

Шуға қашан өркениет келеді?

Пәтерде отырып, көмір жағатын аудан бар десек, сенесіз бе? Жамбыл облысында кезінде қант зауытының қарамағында болған тұтас бір елді мекен әлі күнге дейін өркениеттен өгей қалып отыр. Әлеумет көпқабатты үйде тұрса да, шыбық теріп, пеш жағады. Сорақылық мұнымен бітпейді, мұндағы баспаналар орталық кәріз жүйесіне қосылмаған. Ауладан қазылған септиктің иісі мұрын жарып, амалы құрыған ағайын оны апта сайын тазалауға мәжбүр.

Шу қаласындағы қант зауыты ауданы тұрғындары жаз келсе, отын жинап, қысқа қызу дайындалады. Бұл үрдіс жергілікті жұрт үшін жыл сайын үйреншікті іске айналған. Сондықтан мұндағы 20 қосқабатты үйдің тең жартысы әлі күнге дейін пеш жағады. Себебі олар орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған. Көгілдір отын тартуға қаржы қолбайлау.

РӘШ ҚАЛДЫБЕКОВА, ШУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бір апада ғана газ бар, мына подъезде. Басқаларының бәрі от жағады. Қорқамыз. Мысалы, мына жерде папасымен, мамасы екеуі бірдей пештің түтінінен қайтыс болды, бір күнде. Баласы тұрады қазір. Пеш жағады баласы.

ДӘУРЕН ДОҒДЫРБАЙ, ТІЛШІ:

Өркениеттен ада қалдық деген әлеумет көпқабатты үйде тұрып, қажеттерімізді өтеу үшін далаға шығамыз дейді. Тіпті әр пәтер иесінің аулада өздеріне арналған бір-бірден әжетханалары бар. Оған өзге адам кіріп кетпесін деп дәл осындай құлыптарды салып қойған.

Кей тұрғындар дәретхананы үйдің ішіне кіргізіп, септикті есік алдына қазған. Салдарынан жаз келгенде өткір иіс өңешті жарып, аулаға адамдар шыға алмайды. Қараша қазір балалар да алаңсыз ойнаудан қалып, күн ұзаққа төрт қабырғаға қамалып отыр дейді.

РАУШАН ҚАМЫСБАЕВА, ШУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Шамасы жеткендер өздері кіргізіп алды дәретхананы. Бірақ көбісінікі далада. Бала-шаға далаға барады. Ал септиктердің бәрі үйдің жанында. Бір-ақ метр жерде тұр. Балаларды үйдің артына қарай жібере алмаймыз. Жаздың күні терезе аша алмаймыз. Иісі деген әлем.

Шу қаласы әкімдігінің мәліметінше, ескірген үйлер кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Бүгінде қалада 5 көпқабатты баспана модернизацияға іліккен. Ал қант зауыты ауданындағы кей пәтерлер жаңғырту жобасына өздері келісім бермепті. Қазір де қала бойынша 133 көпқабатты үйдің 67-сіне жөндеу қажет.

ЕЛДОС НҰРАЛИЕВ, ШУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Газ жүйесіне қосылуға барлық пәтердің қазіргі кезде мүмкіншілігі бар. 2023 жылға дейін бізде 42 көпқабатты үй, пәтерде ондай мүмкіндік болмаған. Қазіргі кезде «ПГС регион» мекемесі тарапынан барлық көппәтерлі үйлерге газ құбырлары жеткізілген.

Жергілікті билік кәріз жүйесіне қатысты мәселенің барын растады. Өйткені шағын шаһардағы тұрғын үйлердің 70-80 пайызы орталық желіге жалғанбаған. Алайда құбырларды жаңалауға арналған смета дайын екен. Ол үшін 15 млрд теңге қажет. Қомақты қаржы бөлінсе, бұл жұмыс басталмақ.

← Все новости