Бүкіл әлемге аты әйгілі тағы бір тамаша жер батыстағы Бозжыра. Олжас Бектенов жауапты министрлікке нақты тапсырма беріп, туристік әлеуетті көтеру жайы бас қалада қызу әңгіме болғанда, Маңғыстау өңірінде нақты не істеліп жатыр? Арна тілшісі Рамазан Палмағанбет арнайы барып келді. Премьер-министрдің көтерген мәселелері мен айтқан сын-ескертпесіне кім құлақ түрді? Сюжет көрейік.
РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:
Көкке ұмтылған алып шыңдар мен тылсым табиғаттың ғажап көрінісі. Ғалымдардың айтуынша, бұл жер миллиондаған жыл бұрын мұхит түбі болған. Біз маңғаз Маңғыстаудағы ең танымал туристік орын Бозжыра шатқалындамыз.
Бозжыра – Маңғыстаудың ғана емес, тұтас еліміздің туристік бойтұмары. Тарих пен табиғаттың бұл ғажайып туындысы бүгінде жаһан саяхатшыларының көзайымына айналды. Жыл сайын мұндағы тылсым сұлулықты көру үшін мыңдаған адам аптап ыстыққа қарамастан, маң даланы бетке алады. Еліміздің мақтанышына айналған мекенді тамашалауға келгендер түйгенімен бөлісті.
ТҮЙМЕШ ҚАНАТОВА, ТУРИСТ:
Күшті әсерде қалдық. Біздің Қазақстанымыз осындай әдемі жерлердің бар екенін енді көріп, енді сезініп жатырмыз. Осы әдемі таулы жерге шетелден туристер келіп жатыр, сол үшін біз тазалықты сақтауымыз керек.
Тұмса табиғаттың таңғажайып көрінісін көру үшін мыңдаған шақырымды артқа тастап, мұхит асқан шетелдік туристердің қарасы қалың. Ақ борлы шыңдар мен алып каньондарды көрген саяхатшылар таңданысын жасыра алмады.
БУРАК, ГЕРМАНИЯДАН КЕЛГЕН ТУРИСТ:
Мен Германияда тұрамын. Бірақ Түркия азаматымын. Әке-шешем әлі күнге дейін сонда. Біз достарымызбен Қазақстанға саяхаттап келдік. Ең бірінші аялдамамыз осы Бозжыра шатқалы болды. Бозжыраның сұлулығына ерекше тәнті болдық. Құдды бір Марста жүргендейміз.
МАТИА, СЛОВЕНИЯДАН КЕЛГЕН ТУРИСТ:
Мен бұл саяхатты ұзақ күттім. Бозжыра мен ойлағаннан да әдемі екен. Біздің елде дәл мұндай ғажайып шатқал жоқ. Сол себепті бұл сұлулықты көру біз үшін үлкен мәртебе. Бозжыраның сұлулығына көзіміз тояр емес.
Миллиондаған жылдық тарихы бар шатқалды күтіп ұстау – басты назарда. Осы тұста Бозжыраға келген саяхатшылардың қауіпсіздігі мен туристік орындағы тәртіпті инспекторлар жіті бақылауға алған. Өйткені жабайы туризмнің табиғатқа тигізер зардабы орасан.
НАУРЫЗБЕК БИСЕНҒАЗИЕВ, ҚЫЗЫЛСАЙ ПАРКІНІҢ БАСШЫСЫ:
Туристердің келу саны 7 мыңнан асады Бозжыра шатқалына. Қазірдің өзінде екі мыңнан аса турист келді. Жылдан жылға туризм Маңғыстауда дамып келе жатыр. Инспекторлар шетелдіктерге де, өзімізден келген туристерге де бағыт-бағдар, қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, жол көрсетіп отырады.
Бірер ай бұрын Бозжыра маңында заманауи визит орталығы ашылады дегенді естіген едік. Ел мақтаған сол нысанды өз көзімізбен көрдік. Жылына мыңдаған турист ағылатын шатқалдағы бұл ғимарат бір мезетте небәрі 50 адамды қабылдай алады екен. Ең қызығы, мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс бұл мәселені жергілікті кәсіпкер өз қаражатына салып, туристерге жағдай жасауға тырысқан.
АБЫЛАЙХАН ЖАЙЫЛХАНОВ, БОЗЖЫРА ВИЗИТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ БАСШЫСЫ:
Бізде қолдау қазір болған жоқ. Алдағы уақытта қолдауды жергілікті атқарушы органның туристік сервистік агенттерге беретін субсидиясын алуды жоспарлап отырмыз. Ол жоба толықтай іске қосылғаннан кейін, барлық құжаттар дайын болғаннан кейін тиісті органға құжаттарды тапсырып, субсидия алатын боламыз.
Бозжыраға келгендерді күтіп алып, ас-суын әзірлеп, жағдай жасаймыз деп отырған орталық басшысы кеткен шығынды субсидиямен толтырудан үмітті. Ал жауапты министрлік кәсіпкердің бұл қалауы қалай жүзеге асатынын заң аясында түсіндірді.
НҰРБОЛ БАЙЖАНОВ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Биылғы жылдан бастап бұл қолдау шарасы әкімдікке өтті. Тиісті бұйрық жобалары келісу сатысында. Бұл заң наурыз айында қабылданған болатын. Одан әрі жергілікті бюджеттен қаржыландырады. Осы визит орталықтар коммерциялық орталықтар болғандықтан, олардың санын көбейту үшін 10 пайыз шығынын өтеу бойынша түзетулер қарастырылды.
Бозжыра – жай ғана борлы шыңдар емес, ол – бабалар тарихының куәсі, ұлттық брендіміздің алтын діңгегі. Осы бір ғажайып мекен арқылы қазақ жерінің атын әлемге танытуға мүмкіндік зор. Егер Бозжыраның тұмса табиғатын аман сақтап, туристердің ағынын тоқтатпаймыз десек, инфрақұрылым мен мәдениетті тең дамытуымыз керек. Табиғаттың теңдессіз сыйын келер ұрпаққа аман жеткізу – ортақ парыз.
Рамазан Палмағанбет