Перейти к содержимому
· 7 просмотров

Қазақстанға келген қонақ қайда барады?

Абай елі мен шығыс жақты айтқанда, тұмса табиғат пен жер ананың жауһар сыйлары еске түседі. Оны да туристік әлеуетті арттыруға қолдану керек. Шетелден қонақ ағылсын дейміз. Бірақ жиһанкездерге жайлы орын табылсын дейміз бе? Туристерді тарту бір бөлек, оларға лайықты жағдай жасау өз алдына. Осы салаға жауапты министрлер мен сала басшылары бүгін Үкіметте жиналып, өткір мәселелерді пысықтады.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Жаз келіп, жұрттың ойы демалысқа ауысты. Бірі шетелдің жағажайын аңсаса, енді бірі туған жердің тұмса табиғатын тамашалауға ниетті. Расында, шекара асып сабылмай-ақ, көз тоймайтын көркем мекендер өз елімізде де жетерлік. Бүгін дәл осы ішкі туризмнің тынысы, туристік бағыттарға қатынау мәселесі мен инфрақұрылымның жай-күйі Үкімет отырысында жан-жақты талқыланды. Туризм және спорт министрі де саладағы серпінді көрсеткіштерді алға тартып, жақсы жаңалықтарымен қуантып қойды. Айтуынша, шетелдік қонақтардан түскен табыс көлемі аз емес, инвестиция да көңіл көншітерлік деңгейге жетіпті.

ЕРБОЛ МЫРЗАБОСЫНОВ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

Мемлекет басшысы туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажеттілігін атап өтті. Салық түсімдерінің көлемі 18%-ға артып, 630 млрд теңгеге жетті. Шетелдік туристердің шығындары 2,9 млрд АҚШ долларын құрады. Туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 33%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгені құрап отыр.

Шетелдік туристер келуін келеді. Бірақ діттеген жеріне жете алмай қиналады. Жеткенше жегеніңді желкеңнен шығарып, ішек-қарныңды төңкеріп тастайтын жолдар әлі де бар. Көш жүре түзеледі демекші, Көлік министрлігі обалы не керек, биыл 11 мың шақырым жолды жөндеу мен жаңғыртуға білек сыбана кіріскен. Соның ішінде талайдың таңдайын қақтырған Рахман қайнары, Кендірлі, Баянауыл, Зеренді, Көлсай сынды көрікті мекендерге апарар күре жолдар да бар. Әуе қатынасы да қалыс қалып жатқан жоқ. Негізгі туристік бағыттарға тұрақты қатынауда.

НҰРЛАН САУРАНБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:

Жазғы маусымда негізгі туристік аймақтар: Алакөлге, Балқашқа, Түркістанға, Бурабайға және Каспий теңізіне авиа маршруттар бойынша рейстер орындалуда. Жазғы кезеңде аталған бағыттар бойынша аптасына 45 рейс ұшуда.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Терезесінен жел гуілдеп, есігі сықырлап, іші жазда қапырық, қыста суық болатын вагондар алдағы жылдары біртіндеп азаятын секілді. Жауаптылар 2030 жылға дейін жолаушылар вагондарының 90 пайызы жаңарады деп отыр. Ал жылдар бойы жөндеу көрмеген вокзалдар да қалыпқа келтірілуде екен. Бүгінде еліміз бойынша 124 нысанда қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның 30-ы 1 шілдеге дейін есігін ашуы тиіс. Айтпақшы, жолаушы қарасы көбейетін маусымда жұрт билеттен қиналып қалмас үшін қосымша пойыздар да қатарға қосылуда.

НҰРЛАН САУРАНБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:

Биыл, сұраныстың артуына байланысты, туристік бағыттарға қосымша 15 пойыз іске қосылды. Оның ішінде 10 бағыт Алакөл жағалауына жүреді.

Үкімет отырысында тағы бір ірі жоба таныстырылды. Ол – Алматыда тәулігіне 10 мың шаңғышыны қабылдайтын SuperSki тау курортының салынуы. Медеу маңында бой көтеретін кешеннің 70 пайызы балалар мен шаңғыны енді меңгеріп жүргендерге арналмақ. Ал ең биік нүктесі Шымбұлақты басып озғалы тұр. Шыңның атауы Құмбел. Биіктігі 3400 метр болады. Тіпті болашақта мұнда оқушылардың дене шынықтыру сабақтарын өткізу де жоспарланып отыр екен. Ең бастысы, курортта еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін еркін мініп түсуге жағдай жасалады.

ЕРЖАН ЕРКІНБАЕВ, KAZAKH TOURISM DEVELOPMENT LTD КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Басты мақсат – тауды әр азаматқа қолжетімді қылу. Еңкейген қариядан, еңбектеген баланы жетектеген ана да, мүмкіндігі шектеулі жан да төменгі Медеудегі станциядан 3400 метрдегі Құмбел шыңына еш кедергісіз жете алады.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Жалпы кешен 2028 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Сондықтан Үкімет басшысы құрылысты созбалаңға салмай, кейінге қалдырмай, уақытты оздырмай тездетіп бітіруді тапсырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Сын айтатындар, әрине, бола береді. Оған қарамай, бәрін тездетіп, іске асыру керек. Қабылданды. Бізге бос дискуссия емес, нақты нәтиже керек.

Қазақстанның ұлттық парктеріне былтыр 4 миллионға жуық турист табан тірепті. Сұраныс күрт артқан соң министрлік қол қусырып отырмай, демалыс аймақтарын реттеуге кірісіпті. Алдағы уақытта визит-орталықтар мен қонақ үйлер көбейіп, инфрақұрылым жаңарып, айнала танымастай өзгерейін деп тұр.

ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:

Ірі жобалардың қатарында Түркістан облысында орналасқан Сайрам-Өгем ұлттық паркінде эко-қонақүйлер салуды атап өтуге болады. Қасқасу шатқалында – 5 млрд теңгеге, Сайрамсу шатқалында – 4 млрд теңгеге. Ақмола облысында Зеренді және Шалқар көлдерінде бес жобаны іске асыру жоспарлануда. Олардың жалпы құны 8 млрд теңгені құрайды. Шығыс Қазақстан өңірінде орналасқан «Қатон-Қарағай» ұлттық паркінде төрт объектіден тұратын кластерді іске қосу да жоспарлануда.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Дегенмен Үкімет басшысы елдегі туристік аймақтардың даму қарқынына көңілі толмай отырғанын жасырмады. Инвестор тарту ісінің тым баяу жүріп жатқанын айтып, бұл бағытта жаңа серпін керектігін ескертті. Алдағы бір ай ішінде жаңа ұсыныстар күтемін деп қысқа қайырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Бізде Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, сондай-ақ Алтын-Емел, Іле-Алатауы, Бурабай, Баянауыл ұлттық табиғи парктері мен басқа да керемет табиғи байлықтарымыз бар. Алайда оларды дамыту мен инвестор тарту жұмыстарының қарқыны көңілден шықпайды. Жаңа заманауи жобалар қажет. Туризм, Экология министрліктері мен әкімдіктер бір айда нақты ұсыныстар енгізсін.

Жиын соңында Олжас Бектенов облыс әкімдеріне тапсырманы үйіп-төгіп берді. Туристердің жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз етуді, қызмет сапасын арттыратын инфрақұрылымды жедел дамытуды тапсырды.

← Все новости