Перейти к содержимому
· 6 просмотров

Бүлдіршіндер сауда үйінде тәрбиеленуде

Балабақшаға жіберген балаңыз күнімен қайда жүргенін білесіз бе? Жамбылда мектепке дейінгі мекеменің бүлдіршіндері таңнан кешке дейін сауда орталығында сабылады екен. Ол үшін басшылық арнайы 2 миллион теңге төлеп отыр ай сайын. Бөбектер онда неғып жүр?

ДӘУРЕН ДОҒДЫРБАЙ, ТІЛШІ:

Қос қабатты балабақша іші бүлдіршінге толып, ауыл балалары асыр салып ойнау керек еді. Алайда мектепке дейінгі мекеме небәрі 12 жыл ғана жұмыс істеп, есігі тарс жабылған. Өйткені қыруар қаржы жұмсалған нысан апатты деп танылған.

Сырты сау болып көрінгенімен, бұл балабақшаның іші тіптен қорқынышты. Едені отырып, көп жерде апандай ойықтар пайда болған. Ал қабырғасының жай-күйін айтпай-ақ қойсақ та түсінікті. Дәл мұндай жарықшаларды әр бөлмеден кездестіруге болады. Өкініштісі, бар болғаны екі жылдың ішінде біраз дүниенің қолды болғаны байқалады. Себебі кей жерлерде есік пен терезелер түп-тамырымен жұлынған. Әжетхана ішінде сау дүние қалмаған. Күйінген көпшілік қараусыз қалып бара жатқан нысанды ертерек жөндеп берсе дейді.

МАДИНА АМАНЖОЛ, МОЙЫНҚҰМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

24-ке дейін келді ғой деймін. Жабылғанға дейін 2 жыл балабақшада болды. Содан кейін ескі балабақшаға барып жүрміз, бір жақтан екінші жаққа тасып, үйден алыстап кеттік. Балаларымызға ойнағанға ыңғайлы мына жақтың жағдайы жасалған еді. Жөндеп берсе өте дұрыс болар еді.

Қазіргі таңда 200-ге жуық бүлдіршін мен 41 қызметкер сауда үйін паналап жүр. Орталықтағы бөбекжай апатты деп танылғаннан кейін жеке нысанға көшірілген. Содан бері мектепке дейінгі ұйым жалдамалы ғимаратта орналасқан. Аренда үшін мекеме ай сайын 2 миллион теңге төлеп отыр.

САМАЛ НАҒАШЫБАЕВА, «ҚҰЛЫНШАҚ» БӨБЕКЖАЙ-БАҚШАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Өзіміздің ғимарат болған қандай жақсы ғой. Өйткені өзіміздің ғимаратқа жете алмай, арендада отырмыз қазір. Амалдың жоғынан, өйткені басқа жер жоқ. Бос орын жоқ. Бала көп. Қамтылатын бала көп. Сыймайды.

Аудандық білім бөлімі 150 миллионға тұрғызылған ғимараттың әлі де қолданысқа жарамды екенін айтады. Сондықтан бөбекжайды қайта сараптамаға жіберіпті. Оның қорытындысы жыл соңына дейін белгілі болмақ. Егер оң нәтиже шықса, жауаптылар келер жылы нысанды күрделі немесе ағымдағы жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр.

МӘЛІК МҰҚАШОВ, МОЙЫНҚҰМ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Сараптама қорытындысы шыққаннан кейін аудан әкімдігінің балансынан алынып, облыстық білім басқармасына өтетін болады. Алдағы уақытта күрделі жөндеу болмаса, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балалардың игілігіне берілетін болады.

Түйткілдің түйіні тиын-тебенге тіреліп тұр. Қажетті қаржы бөлінсе, құрылыс қарқын алады. Бөлінбесе, сауда үйін жауаптылар қайта жалға алады. 24 ай бойы жұртты алаңдатқан сұрақтың жауабы қандай болатыны жыл соңында белгілі болады.

← Все новости