Еліміздегі ұл-қыздардың 70 пайызға жуығы майтабан. Дер кезінде емделмеген дерт тізе мен жамбас буындарының өзгеруіне әкеліп, тіпті омыртқаның қисаюына себеп болуы мүмкін. Аурудың алдын алу жолдары қандай? Ерте жастан анықтау мүмкін бе?
Гаухар Қуанышбайқызының майтабандықпен күресіп келе жатқанына біраз уақыт болған. Бастапқыда баласының қисайған аяғына аса мән бермепті. Жүре келе ұлының отырысы өзгеріп, тізелері бір-біріне тие бастаған кезде дабыл қаққан. Бірден мамандарға жүгініп, әрекетке көшіпті.
ГАУХАР ҚУАНЫШБАЙҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Майтабан әулетте болғаннан кейін мен аса қатты уайымдамадым. Бірақ аяғы икс образ болып бастағаннан кейін, тізесі тие бастағаннан кейін дабыл қаға бастадым. Бізде вальгус жоқ, майтабандық бар. Біздің вальгусымыз ерте туды, әлсіз болып туды, шалабай болды, гипотонус болды денесі, массаж жасатпадым. Баланың денесі тез өскеннен салмақты көтере алмай тізесі қисая бастады.
Бүгінде балалардың 70 пайызында майтабандық бар. Бірінші кезекте тізе мен жамбас буыны өзгеріске ұшырайды екен. Салдарынан бұл омыртқаның қисаюына әкеледі. Мұның алдын алу үшін кішкентай кезінен балақайлар жалаңаяқ жүріп, көп қозғалуы керек. Табан бұлшық еттерін көп шынықтырған жөн.
САМҒАТ АЗАМАТҰЛЫ, МАССАЖ МАМАНЫ:
Массаж қазір керек болып қалды, бұрын ешкім массаж дегенді білмейтін. Қимыл-қозғалыстың аздығынан, балалардың жерден алыстап кетуінен. Мұндай мәселе ауыл балаларында көп кездесе бермейді, өйткені олар таңнан кешке дейін далада ойнайды: құмда ойнайды, суға барады, шөп жұлады, қорадан секіреді. Ал қазіргі қала балаларында «анау болмайды, мынау болмайды, батпақ боласың, кір боласың, аузың былғанады» деп, бәрін шамадан тыс стерильді қылып жатады. Бұл дұрыс емес.
Табанның өзгеріске ұшырауына аяқ-киім де әсер етеді. Сол себепті де бала енді жүре бастағаннан бастап 5 жасына дейін сапалысын алған дұрыс. Өйткені бұл аралық – баланың ең дамитын кезеңі. Ал кішкентайынан мән бермей, уақыт жоғалтып алсаңыз, аяқты түзету де қиын болмақ.
ЖАНАР ЕСЕНЖОЛОВА, КӘСІПКЕР:
Қазір көп балаларға 1 жастан бастап арнайы аяқ киім арналған. Балалар алғашқы қадамдарын бастағанда аяқты ішке немесе сыртқа басуы мүмкін. Вальгус болмауы үшін профилактикалық, емдік ортопедиялық аяқ киім кигені дұрыс. Бұл аяқ киімді киюге арнайы уақыты жоқ, күнделікті киюге болады, бұл профилактикалық аяқ киім. Бірінші қадам бастағанда вальгус болмауы үшін, вальгус сколиозға, остеохондрозға алып келуі мүмкін.
Сонымен қатар артық салмақ та майтабандыққа алып келетін көрінеді. Мұндайда күштің бәрі тізе мен табанға түседі. Баланың бойынан қандай да бір өзгерісті байқаған соң, бірден емделсе, бұл аурудың алдын алуға болады дейді мамандар.