Перейти к содержимому
· 8 просмотров

Әл-Фарабидегі апат: күдіктіден жауап алынды

«Көлігімнің арты тайып, тежегіші істемей қалды». Әл-Фараби даңғылындағы үш адамның өмірін қиған жол апатына кінәлі жүргізуші сот залында ақталып бақты. Сағатына 219 шақырым жылдамдықпен жүйткіген қытайлық Zeekr көлігін тізгіндеген жігіт әуелі бір түсініксіз гуіл естігенін айтты. Бірақ өзінің кінәсін толық мойындап, шартты түрдегі емес, жазасын абақтыда өтегісі келетінін мәлімдеді.

Қалай аяқталар екен деп қоғам іш тартып бақылап отырған атышулы сот отырысы бел ортасына жетті. Бүгін айыпталушы Александр Пактан жауап алынды. Сөзін әуелгідей «мен әлі өкінемін, өз жазамды алуға дайынмын» деп бастады. Сол күні достарымен мейрамханадағы кезекті отырыстан соң Әл-Фараби даңғылына бағыт алыпты. Тақымдаған қымбат көлігінен біртүрлі дыбыс естіліп, бақылау тақтасынан жанып-өшкен ақау шығыпты. Апат болған күні қарсы бетке ытып шығып кетуіне сол себеп болған көрінеді.

АЛЕКСАНДР ПАК, АЙЫПТАЛУШЫ:

Осыған дейін менде BMW көлігі болған. Онда қандай да бір механикалық ақау пайда болса, мен газды басып, жылдамдықты арттыратынмын. Содан кейін ұсақ-түйек ақаулар кетіп қалатын. Бұл көлікте де соны істеп, газды бастым. Сол жақтан оң жақ қатарға ауыса бастадым. Дәл сол сәтте көліктің өз жолағын ұстау жүйесі іске қосылып, қарсы бетке өтіп кетті. Темір тұлпарым ырқымa бағынбады. Тежегіштер жұмыс істемеді.

Сонымен қатар 32 жастағы Пак прокурордың соқтығысқан сәтте көліктің жылдамдығы 219 шақырымға жетті дегеніне келіспейтінін айтты. Егер дәл солай жүйткісем, маған айыппұл келер еді дейді. Тағы сол күні мейрамханада тапсырыс берілген виски мен сыралардан тек екі ұрттап қоя салғанын айтады. Яғни, екі жұтым алкогольмен көлік басқарғанын растап тұр. Бірақ анау айтатындай мас болмағанына сенімді.

АЛЕКСАНДР ПАК, АЙЫПТАЛУШЫ:

Біз достарымызбен кешкі ас ішуге жиналдық. Бізге басқа адамдар келді. Мен бәрімен жеке таныс емеспін. Өзім сыраға тапсырыс бердім, бірақ екі ұрттап іше алмадым. Өйткені, ұнамады. Мен бәрі жарысып жазып жатқандай мас болмағанымды айтқым келеді. Қалған сусындарға келсек, кімнің не ішіп, кімнің не жегенін бақыламадым.

Сотта марқұм Еламан Тілемесовтің ағасы Қанат Тілемесов те жауап берді. Ол өткен процесте өз адвокаты Олег Черновтан бас тартып, жаңа қорғаушы жалдаған болатын. Бүгін Александр Пакті толық кешіргенін, жазасын заң аясында тағайындауын сұрады. Сонымен қатар, кешірімді ақша үшін емес, айыпталушының кәмелетке толмаған үш баласының барын ескеріп бергенін алға тартты.

ГҮЛМИРА БАБАЖАНОВА, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ АДВОКАТТАР АЛҚАСЫНЫҢ ҚОРҒАУШЫСЫ:

Оның анасының үлкен жаста екенін және артында үш кәмелет жасына толмаған балалары барын ескеріп, Пакқа осындай келісімге келді. Жәбірленушілер өздерінің туысқандарымен жиналып, өзіміздің қазақшылыққа келіп отыр. Кешірім бердік деп. Енді материалдық шығын өндірілген ғой. Мен бірақ қандай сумма екенін айта алмаймын.

Үш әулет те кешірім бергенімен, Александр Пак жазадан құтылмайды. Оған Қылмыстық кодекстің 345-бабы 1-тармағының 4-бөлігі бойынша, масаң күйде көлік жүргізіп, жол ережесін бұзып, екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болғаны үшін айып тағылған.

← Все новости