Перейти к содержимому
· 6 просмотров

Жаңа саяси күш: алдағы өзгерістердің бағыты қандай?

«Әділет» партиясының қатарына «Amanat» қосылып, жаңа кезеңге қадам басты. Астанада өткен съезде делегаттар бұл шешімді бірауыздан қолдапты. Кеше ғана көшелерде «Amanat» деп жарқырап тұрған маңдайшалардың орнында бүгін «Әділет» атауы көз тартып тұр.

«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» дегендей, жиынға қатысқан 613 адам парасатты шешімді бірауыздан қолдап, ортақ мәмілеге келді. Осылайша саясат сахнасында тәжірибесі мол саяси ұйым жаңа серпін алған «Әділет» партиясының қатарына қосылды. Съезде партия төрағасы Айбек Дәдебай бұл шешімді Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды бетбұрыс ретінде бағалап, ел дамуына тың тыныс, жаңа қарқын әкелетініне сенім білдірді.

АЙБЕК ДӘДЕБАЙ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бүгінгі шешім жетілген саяси мәдениеттің жарқын көрінісі болмақ. Бұл – мемлекеттік мүдде бәрінен жоғары тұратын, ал ел болашағына деген жауапкершілік баршаға ортақ міндет деп танылатын жаңа саяси мәдениет. Бұл шешімнің жаңа Конституция күшіне енердің қарсаңында қабылданып отырғанының да ерекше символдық мәні бар.

Съезде қабылданған маңызды шешімдердің бірі – партияның еліміздің барлық өңірінде аймақтық филиалдары құрылып, олардың қызметі жүйеленеді. Делегаттар бұл бастаманы да қолдап, партияның елдің әр түкпіріне тамыр жайып, халықпен етене жұмыс істеуіне жол ашты. Сондықтан құрылатын филиалдар жай ғана өкілдік емес, бұқараның үні естілетін, өзекті мәселелер көтерілетін алаңға айналуы керек деп отыр партия мүшелері.

БӨРІХАН НҰРМҰХАМЕДОВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ САЯСИ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Партия өңірлердегі қызметін жандандырады. Біздің жұмысымыздың негізгі алаңы да – аймақтар. Азаматтардың сенімі де өңірлерде қалыптасады. Адамдар партияны күн сайын нақты істеріне, бастамаларына және нәтижелеріне қарап бағалайды. Сондықтан облыстық филиалдар қоғамдық және саяси өмірдің толыққанды орталығына айналуы тиіс.

«AMANAT мүшелері «Әділет» партиясының қатарына өте ала ма?» деген сауал көпті алаңдатқаны рас. Осы сұраққа Әділет партиясының саяси кеңес бюросының мүшесі Рауан Кенжеханұлы нақты жауап берді. Оның айтуынша, партия қатарына қосылуға ешқандай кедергі жоқ. Ел дамуына үлес қосуға дайын, ортақ құндылықтарды қолдайтын кез келген азамат үшін есік айқара ашық. Тағы бір айта кетерлігі, мүшелікке өту рәсімі әлдеқайда жеңілдетілген. Азаматтар уақыт жоғалтпай, цифрлық платформалар арқылы онлайн өтініш бере алады.

РАУАН КЕНЖЕХАНҰЛЫ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ САЯСИ КЕҢЕС БЮРОСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біз барлық мүмкіндікті пайдаланып, AMANAT партиясының мүшелеріне «Әділет» партиясының қатарына қосылу туралы ұсыныс жасаймыз. Бірақ бұл ұсынысты қабылдау немесе қабылдамау – әр адамның жеке шешімі.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Осылайша, «Әділет» партиясы AMANAT партиясының басшылығы мен мүшелеріне өз қатарына қосылу туралы шешімі үшін алғыс білдірді. Міне, кеше ғана көшелерде көзге үйреншікті болған, жарқырап тұрған «Аманат» атауы бүгін Әділетке ауысты. Енді жұртшылықтың көзі де, көңілі де бірте-бірте жаңа партияға үйренеді. Ал бұған дейін көтерілген бастамалар мен айтылған ұсыныстардың нақты нәтижесі енді уақыт еншісінде.

← Все новости