Енді интернет желісінде аузына келгенді айтатындар айыппұл арқалауы мүмкін. Бұл жайлы азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі туралы депутаттардың сауалына берген жауабында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Қазіргі заңнамаға сәйкес, қоғамдық орындарда балағат сөз айту, азаматтарға тиісу және қоғамдық тәртіпті бұзатын өзге де әрекеттер ұсақ бұзақылық болып саналады. Мұндай құқық бұзушылық үшін 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 86 мың 500 теңге айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе әкімшілік қамауға алу жазасы көзделген. Енді бұл талаптарды ғаламторда да енгізу ұсынылып отыр. Заң жобасы аясында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 434-бабына толықтыру енгізіп, әлеуметтік желілер мен басқа да интернет алаңдарында балағат сөз қолданғаны үшін жауапкершілікке тарту қарастырылыпты. Қазіргі уақытта тиісті заң жобасы әзірленіп жатыр екен.