«Көрер жарығы бар екен!». 11-қабаттан лақтырылған велосипед кішкентай баланы басып қала жаздады. Оқиға елордадағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болды. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан бүлдіршін кіреберістен шығып, қайта кері бұрылған кезде жоғарыдан құлдилаған шайтанарбаның жерге гүрс ете түскені анық көрінеді. Полиция департаменті бұл бұзақылықты үш баланың жасағанын анықтапты. Олар аулада жатқан қос дөңгелекті көлікті жоғарыға шығарып, сосын подъезд арқылы шығатын балконнан лақтырған екен.
ЭЛЬМИРА ШӘУЛЕНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Үш бала ауладан велосипед тауып алып, оны 11 қабатқа көтереді де, ортақ балконға шығарып, төмен қарай лақтырып жіберген. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін велосипедті тікелей лақтырған баланың ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.