Енді көлікті қайда қоямыз? Әлеуметтік желіде 1 шілдеден бастап темір тұлпарды аулаға қоюға тыйым салынады деген сарында ақпарат тарады. Жұртты алаңдатып қойған бұл дерекке қатысты Ішкі істер министрлігі үн қатты. Құзырлы органның мәліметінше, бұл – фейк, алыпқашпа әңгіме. Жол жүрісі қағидаларына қатысты қосымша ереже бекітілмеген. Алайда, азаматтар көлік тұрақтарына қатысты ережелерді қатаң сақтауы тиіс. Мәселен, темір тұлпарды балалар мен спорт алаңдарына қоюға болмайды. Сондай-ақ, жаз мезгілінде ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне де баса назар аударуы тиіс. Аулада көлік көбейгендіктен, жеткіншектерге жолдан өту ережелерін үйрету де маңызды.
ШҰҒЫЛА ТҰРЛЫБЕК, ҚР ІІМ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Осыған байланысты ІІМ бұл мәселеге қатысты жол жүрісі қағидаларына ешқандай өзгерістер енгізілмегенін хабарлайды. Көлік құралдарын тоқтату мен тұраққа қоюға қатысты талаптар бұрынғыдай өзгеріссіз қалады. Сонымен қатар, көлік құралдарын гүлзарларға, көгалдарға, балалар және спорт алаңдарына қоюға тыйым салу жөніндегі жол жүрісі қағидаларының нормалары қолданыста бар екенін еске саламыз.