Келесі жылдан бастап Нарынқолдың картобынан чипсы өндіріледі. Өнімнің бұл түріне арналған картоптың сорты шетелден арнайы алдырылыпты. Алпауыт компанияның таңдауы жергілікті картопты брендке айналдырған Райымбек ауданына түсіпті. Сонымен қатар зығыр дақылы егілуде. Одан сұйық май мен тоқыма өндірісіне қажетті талшық өндіру көзделуде.
Нарынқол картобы өнім өндірушілердің қызығушылығын тудыруда. Топырағы құнарлы өңірде көкөністің чипсы жасауға арналған сорты өсіріледі. Ауқымды жобаны қолға алу үшін аудандағы 8 бірдей шаруа қожалығы бірігіп кооператив құрыпты. Олар тың жерден ұңғыма қазып, жаңбырлатып суару технологиясын енгізген.
ДУЛАТ ҚҰЛМАМЫРОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНДІРІСІ КООПЕРАТИВІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
2026 жылы 250 гектарға келісімшарт жасасып, олардың өздерінің арнайы тұқымдары бар. Чипсылық өндірістік бағытқа, сосын тұқымдық бағытқа. Енді Нарынқол өңірі тұқымдық бағытқа өте қолайлы болғаннан кейін, біз өзіміз тұқым шаруашылығы статусын алғаннан кейін ауданға, Қазақстанға тұқым шығару жұмыстарын қазір бастап жатырмыз.
Райымбек ауданы еліміздің брендіне айналған текес картобының отаны. Кезінде Алматы қаласын толығымен осы өніммен қамтыған еді. 90 жылдардың тоқырауынан кейін колхоз, совхоздар тарап, элиталы картоп тұқымы да құрдымға кетті. Қазір аудан басшылығы ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп оның жаңа сорттарын шығаруды қолға алған.
ТЕМІРЖАН АЙТБАЕВ, ҚАЗАҚ ЖЕМІС-КӨКӨНІС ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЗИ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Қазір Қазақстанда картоптың 140 сорты аудандастырылған. Соның ішінде біздің 60 сорт – отандық сорттар. Біздің институт жалпы Алматы облысына арнап картоптың 30-дан аса сорттарын сұрыптаған. Былтыр осы Райымбек ауданында Сәуеке шаруа қожалығында картоптың 4 сортын зерттеп енгіздік. Содан бұл қожалық элиталық картоп тұқым шаруашылығы статусын алды.
Биыл шаруалар алғаш рет 250 гектар жерге лен, яғни кендір өсірген. Биыл өнім жақсы болса, алдағы уақытта егістік алқапты кеңейту көзделуде. Бұл жергілікті шаруалар мен қытайлық кәсіпкерлердің бірлескен жобасы екен.
ЕРҚАНАТ ТАРАНШИЕВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Дәнінен май шығады. Сабағынан киім шығады. Ешқандай несі жоқ. Қазіргі уақытта екі бассейн жасадық суармалы. Суармалы үлкен насос алып келдік, 400 метрге дейін жүретін. Сонымен өнімін күтіп отырмыз.
Жалпы зығыр өсімдігінен алуан түрлі өнім өндіруге болады. Майы тағамға және косметика өндірісінде кеңінен қолданылады. Ал зығыр талшығынан жоғары сапалы табиғи маталар өндіріліп, киім-кешек, төсек-орын жабдықтары тігіледі. Сонымен қатар қысқа талшықтардан қағаз, арқан есіледі. Терең өңдеу үшін зауыт салу да көзделуде.
МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Ерекшелігі – бұл биылғы маусым дұрыс өтсе, ары қарай жер алқаптарын кеңейтіп, кейіннен бұны терең өңдеуге дейін зауыт саламыз деп жатыр. Оған өздері құлшынып, қызығушылық білдіріп тұр. Әрине, мұндай жобаларға толық қолдау көрсетіледі. Енді қазір бастамасы ғана. Жалпы 4 миллиард теңгеге дейін қаражат саламыз деп жатыр.
Аудан басшылығы алдағы уақытта Нарынқолдың картобынан жасалған чипсыларды тұтынып, осында өндірілген талшықтан киім киетін кез келеді деп отыр.